ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың Түркістан облысы, Шымкент қаласы бойынша аймақтық қоғамдық штаб өкілдері сайлау қарсаңында үгіт-насихаттарын қызу атқаруда.
Бүгін сайлаушылармен кездесу үшін киелі аудан Қазығұрт жеріне ат басын бұрған Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының басшысы Берік Бекжанов бастаған белсенді топ аудандық штабта болып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сайлауалды үгіт-насихат шараларын пысықтап, алдағы жоспарларды талқылап алды. Штаб мүшелері мен үміткердің сенімді өкілдерінің жұмыс барысын сүзгіден өткізіп алған соң бесенді топ жергілікті халықпен кездесті.
Аудандағы 7 мыңнан аса халқы бар Қақпақ ауылындағы Мəдениет үйінде өткен басқосуға 130 адам қатысты. Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының басшысы Берік Бекжанов сайлаудың маңыздылығы мен ерекшелігіне етене тоқталды. Сондай-ақ үміткердің сайлау алды тұғырнамасы мен өмірбаянын, еңбек жолын жиналған қауымға кеңінен түсіндірді.Берік Бекжанов онда қамтылған еңбек қауіпсіздігін сақтау, сыртқы жəне ішкі миграция жайы туралы келелі әңгіме қозғады. Сөз сөйлеген сенімді өкілдер еңбек адамының қоғамымыздың құндылығы екенін және кәсіподақтар әрдайым еңбек адамының қорғаушысы екенін екшеді. Штаб өкілдері келген көпшіліктің сұрақтарына жауап беріп, бүгінгі еңбек адамының рөлі мен орнын айқындады. Сайлауда дауыс беру барша азаматтың міндеті екенін тағы бір еске салған штаб басшысы үміткер Таспиховтың еңбек адамының қауіпсіздігі мен құқын, мүмкіндіктерін екшеген ұстанымдарын жіті талдап берді. Сондай ақ Берік Бекжанов еңбек адамының жалақысы, әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кадидаттың ой-пікірлерін де ортаға салды.