Аманкелді Таспихов Ақмола өңірінің сайлаушыларымен кездесті

Бүгінгі таңда ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспихов сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен еліміздің әр өңірін аралап, халықпен, қарапайым еңбеккерлермен кездесулер өткізуде.

Осы орайда, бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспихов Ақмола облысы Шортанды аудандық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Осы кездесуге сенімді өкілдер “Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” ҚБ төрағасы Е.Каппель мен А.Намазов қатысты.

Кездесу барысында кандидат Аманкелді Таспихов тұрғындарды өзінің өмірбаянымен және сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, өз тұғырнамасында көтерілген мәселелердің өзектілігіне баса назар аударды.  Мәселен, 23 мамыр күні кандидат ҚР Үкіметіне әлеуметтік қорғау және педагог қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру жөніндегі мәселелермен ұсыныс жасады. Бірқатар өңірлерде педагог қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тиесілі жеңілдіктерді алмайтындығы белгілі болды.

Ең алдымен, мәселе, коммуналдық қызметтердің шығыстарын жабуға және тұрғын үйлерді жылытуға отын сатып алу үшін төленетін өтемақылар туралы болып отыр. «Соған байланысты, біржолғы ақшалай өтемақы мөлшерін ұлғайту туралы, сондай-ақ, өңірлердің климаттық жағдайын ескере отырып, ауылдық жерде тұратын педагог қызметкерлерді коммуналдық қызметтермен және отынмен қамтамасыз етудің бірыңғай механизмін әзірлеу қажеттігі туралы мәселе пісіп жетілді»,- деп атап өтті А.Таспихов.

Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспихов еңбек заңнамасы нормаларын жетілдіріп, барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда ұжымдық шарттар жасау міндеттілігін заңнамалық деңгейде бекіту туралы Парламент Мәжілісіне ұсыныс жасады. Және де Халықаралық Еңбек Ұйымының 5 конвенциясын Қазақстанда ратификациялау жөнінде Сыртқы істер министрлігіне ұсыныс жасағаны туралы айтты.

Қазақстан бүгінгі күнге дейін Халықаралық Еңбек Ұйымының 189 конвенциясының 24-ін бекітті, соның ішінде 8-і негізгілері болып табылады.

Кездесу соңында барлық қатысушыларға үгіт-насихат баспа материалдары таратылды. Тұрғындар кандидатқа өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.