Сайлауалды шараларды атқару үшін арнайы Сарыағаш ауданына барған А.Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша аймақтық штабының өкілдері егістік алқабында да болды.
“Сарыағаш жер сыйы” ЖШС еңбек ұжымымен кездескен жиында 40 адам бас қосты. 2002 жылы құрылған серіктестіктің осы уақыт аралығында атқарған жұмысының айғағы — жайқалған жасыл желек. Серіктестік осыдан 10 жыл бұрын жүзім мен түрлі жеміс ағаштарының көшеттерін сату арқылы бүгінде ауылшаруашалық өнімдері нарығынан ойып тұрып орын алған.
Өңірдің агро саласына сүбелі үлес қосып отырған еңбеккерлермен кездесуде штаб басшысы Берік Бекжанов жиналғандарды ең жоғары лауазымға үміткер іріктелетін сайлау күнінде белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ А.Таспиховтың тұғырнамасын таныстырып, ондағы еңбек адамының мәртебесін көтеру бойынша ұсыныстарды ортаға салды. Тұғырнамада көрсетілгендей, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда міндетті түрде заң аясында ұжымдық келісім-шарт жасалуы қажеттігі алға тартылған.
Берік Айдарбекұлы осы орайда еңбек кодексіндегі ұжымдық татуласу процедураларының шеңберін кеңейтіп, жұмысшылар талаптарын жеңіл жеткізуге мүмкіндік беретін жолдарды түсіндірді. Сондай-ақ еңбек миграциясын реттеу бойынша үміткердің ой-пікірін ортаға салды. Жыл сайын Қазақстанға 50 мыңнан астам шетелдік білікті маман, 400 мыңнан астам біліктілігі төмен жұмыс күші таратылады екен. Үміткер А.Таспиховтың «ішкі миграция легінің басты себебі-жақсы өмір мен лайықты жұмыс іздеу.
Біз қазақстандықтардың ауылдық елді-мекендерде де жайлы өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуына бірге қол жеткізуіміз керек» деген сөзін көпшілікке жеткізген штаб басшысы кандидаттың білім беру жүйесін еңбек нарығындағы сұранысқа сай ету және шетелдік мамандардың орнына өз азаматтарымызды даярлау бойынша ой-пікірлерінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Берік Бекжанов кәсіподақ ұйымдарының болашақтағы мүмкіндіктерін екшеп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Басқосуда серіктестік басшысы Танабай Шынтасов арнайы сөз алып, штаб өкілдері мен үміткердің сенімді өкілдеріне алғысын білдіріп, кәсіподақ ұйымдарының жұмысына сәттілік тіледі.