Жамбыл облысының Сарысу ауданының көршілес Түркістан облысына қарасты Созақ ауданымен тоғысқан жерінде «Казфосфат» ЖШС-не қарасты Қаратау-Шолақтау тау-кен кешенінің «Көксу» кеніші орналасқан. Фосфор өндіретін еліміздегі алып кәсіпорынның осы тау-кен кешенінің өзінде 2600-ден астам адам еңбек етеді. Бір қуантарлығы барлығы – кәсіподақ мүшелері.
Аталған өндірістің қайнаған ошағына бүгін арнайы барған Кәсіподақтар Федерациясынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың сенімді өкілі М.Төлепберген жұмысшылармен тікелей өндіріс орнында 280-ге жуық кеншілердің басын қосып сайлауалды үгіт-насихат кездесуін өткізді.
Дәстүрлі түрдегі мәжіліс залына шақыртпай, кен орнына арнайы іздеп барып, жаңа форматта өткен бұл кездесуге кеншілер қуанып-ақ қалды.
Нағыз еңбек адамы делінген кеншілерге сенімді өкіл М.Төлепберген кандидаттың тұғырнамасын таныстырды. Ондағы көтерілген еңбек адамына қатысты мәселелерді өз бастарынан өткізіп отырған жұмысшылар сенімді өкілді қызығушылықпен тыңдап, қолдайтындарын білдірді.
Осы сапарға арнайы шыққан аймақтық штабтың белсенділері жұмысшыларға үгіт-насихат материалдарын таратты.