21 мамыр – Қазақстан мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Бұл – туған жердің рухани дамуына үлес қосып, мәдени мұрамызды дәріптеп жүрген жандарға, шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі. Осыған орай, «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Иманқұловамен әңгімелесудің сәті түскен еді.
«Бүгін біздің салалық кәсіподақ Қазақстан Парламентінің Мәжілісі жанындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның құрамына енді. Мәдениет және спорт министрлігі жанында да қоғамдық кеңес пен комиссия бар. Кәсіподақтар федерациясының бас кеңесінде де тиісті жұмыс тобы құрылған. Басқа да ведомстволарда біздің саланың әлеуметтік-еңбек жағдайларын жақсартуға байланысты мәселелерді тиісті орындарға жеткізетін комиссиялар бар. Соның бәріне біз тікелей араласып, көкейкесті мәселелерді көтеріп, шешуге атсалысып жүрміз», – дейді Светлана Иманқұлова. Оның айтуынша, 2018 жылы ақпан айында әлеуметтік қорғауға байланысты, оның ішінде еңбекақыны көбейту де бар, салалық келісімге толықтырулар енгізілген. Тек соңғы бір жылдың өзінде еңбекақы мәселесіне қатысты республикалық бірнеше жиын өткен.
Оның барысында көтерілген барлық өзекті мәселелер хатталып, қағаз бетіне түсіріліп, Қазақстан Президенті мен Парламентіне жолданған. Ол қандай мәселелер? Бірінші, сала қызметкерлерінің еңбекақысын 1,5-2 есе көтеру. Екінші, базалық еңбекақыны тоқтату. Өйткені оның мөлшері төменгі еңбекақыдан да аз. Үшінші, сала қызметкерлеріне бұрын 1,72 коэффицент көлемінде қосымша қаржы төленетін. Қазір төленбейді, соны қайта қалпына келтіру. Төртінші, еліміздің жоғары оқу орындарында цирк бөлімін ашып, балет пен хореография қызметкерлерінің зейнетақыға ертерек шығуына мүмкіндік жасау. Қуаныштысы, Мәжіліс осы жақында ғана соңғы мәселе – балет артистері туралы заң жобасын мақұлдаған. Сәтін салса, бұл заң осы жылдың соңына дейін жүзеге асуы тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдарында журналистерден басқа былайғы жұртқа байқала бермейтін қаншама мамандық иелері бар. Телеоператор, бет әрлеуші, жарық маманы, газет беттеуші, үйлестіруші… Көп-ақ. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Осы мамандық иелерінің айлығы шайлығынан аспайды. Олар, амалдың жоқтығынан, жүрек қалауымен таңдаған кәсібі болғандықтан, қол үзіп кете алмай, бірақ ертеңгі күнге үлкен үміт артып жүрген адамдар. «Келешекте еңбекақымыз өсіп, үй-жайға қолымыз жетіп, бала-шағамыз риза болатын күн туатын шығар» деген арман-ойдың жетегінде жүрген жандар. Мұрағат саласы қызметкерлерінің де жалақысы мардымсыз. Осының салдарынан мамандар тұрақтай бермейді. Рас, ауылдық елдімекендердегі мұрағат мамандары басқа жұмыс табу қиын болғандықтан, амалсыздан барды қанағат етуіне тура келеді. Олардың еңбекақысы қаладағы әріптестерімен салыстырғанда тіпті төмен. Енді олардың жалақысына қосымша 25 пайыз төленбек.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын алдын ала жоспарлағандай 1 шілдеден емес 1 маусымнан бастап 30 пайызға көтеру жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Осының өзі көңілге үлкен демеу болып отыр. Алдағы уақытта да мәдениет және спорт мекемелері қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау мен қамқорлық жалғаса беретініне сенім зор. Лайым солай болсын. Әңгіме арқауы болып отырған сала қызметкерлері үшін жалақыдан бөлек тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – еңбек қауіпсіздігі. Оқыс жағдайларға байланысты жарақат алып жататындар немесе денсаулыққа зиянды жұмыстармен айналысатындар бар. «Рас, қазір бірқатар мәдениет, спорт, ақпарат мекемелерінде техникалық инспекторлар жұмыс істейді. Олар еңбек қауіпсіздігін қадағалайды. Бірақ көбі қоғамдық негізде. Сондықтан олардан қатаң талап ету де мүмкін емес. Бұл да қазіргі көкейкесті мәселелердің бірі», – дейді С.Иманқұлова. Салалық кәсіподақ ауылдық жерлердегі мәдениет және спорт мамандарына коммуналдық қызметтер үшін компенсация төлеуді де ұдайы көтеріп келеді.
«Селолық аумақтар мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан заңында осындай төлем жасау жергілікті органдардың құзырында екені айтылған. Бірақ өкінішке қарай, осыған жеткілікті мән бермейтіндер бар. Яғни, заң талаптары орындалмай отыр деген сөз. Қазір кәсіподақ өкілдері белсенді. Олар мемлекеттік қызметкерлерді аттестациялау жөніндегі ережеге толықтыру жасауға қол жеткізді. Қазір осы комиссияның құрамына еңбек жағдайы мен қауіпсіздігін қадағалайтын кәсіподақ өкілдері де енді. Сондай-ақ заң актілері жөніндегі республикалық және аймақтық деңгейдегі эксперттік комиссиялардың құрамында да кәсіподақ мүшелері бар. Мұның өзі кәсіподақтың беделі мен абыройы артқанын айғақтайды. Салалық кәсіподақтың халықаралық деңгейде де мәртебесі жоғары. «Біздің алдымызда тұрған міндет пен мақсат өте жоғары. Оны ойдағыдай орындау әлеуметтік әріптестермен, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясымен тығыз байланыста жұмыс істегенде ғана мүмкін болады. Осыған орай, нақты жоспарлар жасалды. Соның бірі – Жастар жылына байланысты өз саламыз бойынша жастар форумын өткізу. Адамның еңбегі еленіп, қошемет-құрмет көрсетіліп жатса, бұл да шабытқа шабыт қосып, ерекше ынталандыратыны сөзсіз», – дейді Светлана Иманқұлова.
Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ