Бүгін Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Б.Нұрымбетов, Е.Каппель және Қ.Жаңабеков БАҚ өкілдерінің қатысуымен Жамбыл облысы бойынша аймақтық қоғамдық штаб мүшелері және кандидаттың сенімді өкілдерімен кездесу өткізді.
Жиынды ашқан аймақтық штабтың жетекшісі М.Төлепберген қонақтарды таныстыра келе, алдағы өтетін сайлаудың кәсіподақтар үшін маңыздылығына тоқталды. Жамбыл облысындағы сайлауалды жүргізіліп отырған үгіт-насихат жұмыстары жайлы республикалық штаб өкілдеріне мағлұмат берді.
Өз кезегінде еліміз бойынша жүргізіліп жатқан сайлауалды науқанның барысы жайлы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нұрымбетов баяндап, кандидат А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасында көтерілген мәселелерге егжей-тегжейлі тоқтап өтті және сенімді мүшелерге Кәсіподақтар Федерациясы тарапынан белсенділіктері үшін алғыс айтты.
Аймақтық штаб мүшелері де қонақтардың әңгімесіне ризшалықтарын айтып, бірге атқарып отырған ауқымды жұмыстары жемісті болады деп сенім білдірді.