ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың сенімді өкілдері Арыс қаласына барды. Сенімді өкілдер – Түркістан облыстық аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы орынбасары Серік Ауесxанов, «Түркістан облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлдар Есебаева, “Сенім” денсаулық саласы қызметкерлерінің төрағасы Ерқозы Батырбеков Арыс ауданының еңбек ұжымдарымен кездесті.
Сайлауалды кездесуге түрлі саладан 123 адам қатысты. Штаб мүшелері мен сенімді өкілдер кандидат А.Таспиховтың еңбек жолы мен халық үшін жасаған қамқор істерін баяндап берді. Сенімді өкілдер сайлаушыларды үміткердің сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып шықты. Кандидаттың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек дауларының алдын алу, жазатайым оқиғаларды болдырмау, жалақысы төмен жұмысшылардың жалақысын көтеру, ұжымдық шарт жасасу сынды қоғамда маңызға ие мәселелерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Үгіт-насихат тобы жиналған азаматтарға сайлаудың маңыздылығын түсіндіріп, саяси додада белсенді болуға шақырды. Кездесуге келгендер штаб мүшелріне сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.