ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың республикалық сайлауалды штабының тең-жетекшісі, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төраға орынбасары Даулеталин Сатыбалды Телағысұлы бастаған штаб делегациясы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді.
Үгіт-насихат шараларын облыстың жаңа орталығы – Түркістан қаласынан бастады. Киелі шаһардағы жергілікті халықты тіршілік нәрімен қамтып отырған “Түркістан-су” мемлекеттік кәсіпорнында сайлауалды кездесу өткізді. Жиынға 85 адам қатысты. Басқосуды ашып сөз сөйлеген штаб басшысы Берік Бекжанов елімізде өтетін сайлаудың маңыздылығына тоқталды. Тағдыршешті кезеңде енжар қалмай, белсенді болып, тұрғындарды сайлауда өз таңдауларын жасауға шақыра келе сөз тізгінін Сатыбалды Даулеталинге ұсынды.
Штабтың тең-жетекшісі қатысушыларға еліміздегі ең абыройлы ұйым кәсіподақ бірлестіктерінің рөлін, қызметін байыптап түсіндірді. Еңбеккерлердің мүддесі мен құқығын қорғайтын маңызды қоғамдық институттың атқарып жатқан қыруар жұмыстарын екшеді. Кандидат А. Таспиховтың ел үшін еткен қызмет жолдарын, жетістіктерін баяндап берді. Сондай-ақ үміткердің сайлауалды тұғырнамасын таныстырып шықты. Ондағы жауапсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға, еткен еңбекке лайықты жалақының төленуіне, жұмыскерлерге қауіпсіз жағдай жасауға қатысты кандидат ой-пікірілерін ортаға салды. Сайлау қарсаңында ұйымдастырылып отырған шарада Түркістан-су” мемлекеттік кәсіпорнының қызметкері Сейілбек Дайрабай штаб мүшелеріне алғысын айтып, кәсіподақ туралы оң пікірлер жеткізді.