Тараз қаласындағы іргесі биік оқу орны – Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің мәжіліс залында 200-ден аса сайлаушылардың қатысуымен бүгін А.Таспиховтың Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Б.Нұрымбетов, Е.Каппель және Қ.Жаңабеков сайлауалды үгіт-насихат кездесуін өткізді.
Кездесуді ашқан аймақтық штаб жетекшісі М.Төлепберген жиналған көпшілікке басқосу мақсатын айтып, қонақтармен таныстырды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нұрымбетов өз әңгімесін кәсіподақтар өкілі еліміздің тарихында тұңғыш рет осынау саяси үлкен додаға алғаш түсіп отырғанын және ондағы кәсіподақтардың мақсаты не екенінен бастады.
Кәсіподақтар кандидаты А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасы ел экономикасының еңсесін көтеріп отырған бүгінгі еңбек адамына деген қамқорлық пен қолайлы жағдай екенін баса айтқан Б.Нұрымбетов, осы сайлау арқылы кәсіподақ ұйымдары өздерінің мұң-мұқтажымен билік өкілдері санасуы тиіс, артында қарапайым еңбеккер тұрған алып қоғамдық ұйым ретінде көрсете алады деді.
Өз кезегінде сөз алған штаб мүшесі Е.Каппель жиынға қатысушыларды осындай дүбірлі саяси додадан тыс қалмай, бірлігімізді көрсетіп, азамматтық белсенділік таныта отырып, сайлауға жаппай қатысуға шақырды.