“Қазфосфат” кәсіпорны еңбеккерлерімен басқосу

«Казфосфат» ЖШС-нің ЖЖФЗ-ы Тараз филиалы облыстағы ең ірі химиялық өндірістік кәсіпорын екені аймаққа ғана емес, бүкіл елімізге аян. Бүгін осы алып өндірістің еңбеккерлерімен алдағы Президент сайлауындағы кандидат А.Таспиховтың Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Б.Нұрымбетов, Е.Каппель және аймақтық штаб жетекшісі М.Төлепберген кездесіп, үгіт-насихат жиынын өткізіп қайтты.

Жиында сөз сөйлеген Б.Нұрымбетов өз кандидаттарының өмірбаянын айта келе, сайлауалды тұғырнамасының ерекшелігіне тоқталды. Алдағы сайлаудағы жеті кандидаттың өз сайлауалды тұғырнамасы бар, ал біздің кандидаттың негізгі ұстанымы – қарапайым еңбек адамының өзекті мәселелері деп әңгімесін жалғастырды.

Әрине, қып-қызыл өндірістің ошағына отымен кіріп, күлімен шығып отырған жұмысшылар бұл мәселелерді күнделікті көріп-ақ жүр. Сол себепті, лайықты еңбек ақы, қауіпсіз еңбек жағдайы, еңбек заңнамасының солқылдақ тұстары деген сияқты өзекті өрттейтін мәселелер жиналғандардың қызығушылығын туғызып, ықыласпен тыңдалды.

Басқасын әрі қойғанда, өз кәсіпорындарындағы ұжымдық шарттың шешімін таба алмай отырған тұстары да осы жиында кәсіподақ ұйымы өкілдері тарабынан әңгіме болды.

Кәсіподақ ұйымдары тек осы сайлауалды науқанында ғана мұндай мәселелерді көтеріп қоймайды, бұл біздің тікелей күнделікті жұмысымыз деген Б.Нұрымбетов Федерация тарапынан әрдайым қолдау болатынын жеткізді.