Жамбыл облысының Меркі ауданы, Меркі ауылындағы «Үміт» оқушылар сарайында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың Республикалық қоғамдық штабының мүшесі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нұрымбетов аймақтық штабтың мүшелерімен бірлесіп, ауыл жұртшылығымен кездесті.
Кездесуде сөз сөйлеген Б.Нұрымбетов кандидат А.Таспиховтың осы сайлаудағы тұғырнамасын көпшілікке таныстырмас бұрын өмірбаянымен қысқаша таныстырып өтті. “Жалпы осы президенттік сайлауға түсіп отырған жеті кандидаттың өз сайлауалды тұғырнамалары бар. Ал, біздің кандидаттың тұғырнамасының негізі қарапайым еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау. Оның басты себебі, еңбек адамының қорғаушысы – кәсіподақтан түсіп отыр, – деп сөзін жалғастырды Б.Нұрымбетов.
Жиналған көпшілік қарапайым тілмен өткен әңгімені ықыласпен қабылдады және ол түсінікті де. Себебі, қоғамның басты тірегінің өзі – еңбек адамы, ол жасаған игіліктер.
Сол сияқты аймақтық штабтың төрағасы М.Төлепберген де өз кандидаты жайлы айта келе, аудан жұртшылығын алдағы сайлауда азаматтық белсенділік танытып А.Таспиховқа дауыс беруге шақырды.