2019 жылдың 31 мамыр күні Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында 200-ге жуық қызметкері бар Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ҚР Президенттігіне үміткер А.Таспиховтың БҚО бойынша Өңірлік штабының үгіт-насихат жұмыстары шеңберінде мекеме қызметкерлерімен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында сенімді өкілдер А.Таспиховтың өмірбаянымен, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, алдағы сайлауға жаппай қатысып, азаматтық белсенділік көрсетуге шақырды.
Жиынға қатысушы мекеме қызметкерлері кандидаттың тұғырнамасында көтерілген еңбек адамының құқы мен мүддесі үшін, кез келген еңбек адамына лайықты еңбек ақы төленуі, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау жөнінде айқындалған қадамдардың өзекті екендігі жайлы пікірлерін білдірді, сенімді өкілдерден сұрақтарына түсіндірмелер алып, үміткердің сайлауалды тұғырнамасына қолдау білдірді. Жиынға қатысушыларға үгіт-насихат материалдары таратылды.