ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ШАҚ КЕЛДІ…

Ағымдағы жылдың 30 мамыры күні Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлының Атырау облысындағы сайлаушыларымен кездесуі өте жоғары ұйымдасқан дәрежеде өтті. Тұрғындар қалашығында орналасқан Құрманғазы мәдениет үйіне президенттікке үміткермен жүздесуге аймақтағы кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, түрлі салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, кандидаттың сенімді өкілдері мен «Келешек» жастар ұйымының белсенділері келді.

Кездесу шымылдығы облыс жастарының сайлау науқанына арналған флешмобымен ашылды. Содан кейін сөз алған аймақтық сайлауалды штабтың жетекшісі, Атырау облыстық аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Баймұханов Ізтұрған Ұзақбайұлы былай деді: – Кәсіподақ ұйымдары қоғамымыздың ең ірі саяси күштерінің бірі болғандықтан Кәсіподақтар Федерациясы атынан тұңғыш рет ҚР Президенттігіне А.С. Таспиховтың кандидатурасы ұсынылып отыр. Қазір кандидаттың жер-жерде сайлауалды штабы саяси-үгіт жұмыстарын қызу жүргізуде. Соның айғағындай бүгінгі еліміздің «Мұнайлы Астанасына» үміткеріміздің бас тіреуі бізді қатты қуантып отыр. Кәсіподақ ұйымдары еңбекшілердің мүддесі мен құқығын қорғайтын маңызды институт болғандықтан жанына 2 милионнан астам сан-алуан мамандықтың иелерін топтастырған. Сондықтан ертеңгі болар сайлау күніне ұйымшылдықпен қатыса отырып, өз кандидатымыз үшін бірауыздан дауыс береміз деген сенім бар».

– Қазақта «бір адам таққа отырса, отыз адам атқа қонады» деген аталы сөзі бар, соны бүгін айқын сезініп отырмын, – деп бастады сөзін Амангелді Сатыбалдыұлы жиналған зал толы жұртшылыққа қарап. Одан әрі Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат өзінің сайлауалды тұғырнамаларымен кеңірек таныстырды: – Еңбек адамдарына лайықты еңбекақы төленумен бірге олар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын да жасау өте маңызды шарт болып табылады. Өйткені, адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Жұмыс берушілердің кінәсінен жыл сайын 1,5 мыңнан астам жұмысшы еңбек жарақатын алады, ал олардың 200-сі сол жұмыс орнынан өз үйлеріне оралмайды. Қатты қайғылы жәйт! Сондықтан мен қарапайым жұмысшылардың конституциялық еңбек құқын аяқасты еткен жауапсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды қалаймын.

Кез келген еңбек адамы үшін оның еңбегіне лайықты ақы төленуі – негізгі шарт болып табылады. Осында отырған аға буын өкілдерінің көз алдында шығар, өткен дәуірде ең жоғарғы еңбекақыны педагогтер мен дәрігерлер алды. Өкінішке орай, тәуелсіздіктің жиырма сегіз жылында он екі министр ауысқан білім саласындағы реформалар әлі күнге тоқталар емес. Мұны мен кешегі өткен рсепубликалық арналардан берілген теледебаттада айтқан болатынмын, сондықтан болашақта жоғарғы лауазымға сайлана қалсам ұстаздармен бірге, дәрігерлер мен медбикелер, мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің еңбекақыларын жоғарлатар едім. Өмірден жинаған мол тәжірибемді пайдалана отырып оған бөлінетін қаржының да көзін тауыпта қойдым, – деп үміткер ағынан жарыла көптеген дәлелдемелер келтіре кетті. Осы тұста үміткер сөзіне ризашылық білдірген зал толы тыңдармандар бірнеше рет қолпаштау білдіргендігін айта кеткен жөн.

Сайлаушылармен болған жиналыста келесі сөз алған Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы, кандидаттың сенімді өкілі Жақыпов Мирболат Хабиұлы өз әріптесінің өмірлік еңбек жолына кеңірек тоқталды. Атап айтқанда, Амангелді Сатыбалдыұлының мектепте оқып жүргенде техника мен нақты ғылымдарға қызығушылығы басым болғандығы. Білімге деген құштарлық озат шәкіртті дарынды балаларға арналған республикалық физика-математика

мектебіне түсуге жетеледі. Студенттік шақтарда өз тобының алды болды. «Оның бойындағы іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттер студенттік шақта кәсіподақ көшбасшысы ретінде толық ашылды», – деп одан әрі естеліктерімен бөлісті.

Кездесуде сөз алған Г.Ертүгел, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің магистранты, М.Т. Қашкенова, «Сенім» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы республикалық ҚБ Атырау облыстық ұйымының төрайымы және Ж.М. Жолдасқалиев, «Доссормұнайгаз» МГӨБ «Алтыкөл» мұнай және газ өндіру цехының шебері жиналған дүйім жұртты сайлауға ұйымшылдықпен қатысып, кәсіподақтан сайысқа түскелі отырған үміткерге қолдау көрсетуге үн тастады.

Жиналыс соңында сайлауалды штабтың атынан А.С. Таспихов өзіне көрсетілген қошаметке шын ризашылдығын білдіре отырып, бір топ белсенділерге «Алғыс хат» тапсырды. Кездесу соңы жастардың патриоттық ән-күйіне ұласты.

Сол күні астаналық қонақтар Атырау бекіре балық өсіру зауыты мен облыстық аурухана қызметкерлерімен кездесу өткізді.