Сайлау күні қарсаңында аудандарда үгіт-насихат жұмыстары әлі де қызу жүріп жатыр.
ҚР Президенттігіне кандидат А. Таспиховтың Түркістан облысы бойынша сенімді өкілдері Тимур Жүнісов мен Маргарита Сейдалиева Сайрам ауданына арнайы барып, сайлауалды шарасын белсене атқарды. Аудандағы «Ет-Агро Манкент» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінде болып, сайлаушылармен кездесті.
30 сайлаушы қатысқан насихат шарасында үміткердің Түркістан облыстық және Шымкент қаласы бойынша сенімді өкілі Тимур Жүнісов алдағы сайлаудың саяси маңыздылығына тоқталып, көпшілікке кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Қатысушылар кандидат тұғырнамасының бүгінгідей нарықтық экономика дамыған дәуірде өзекті екенін атап өтіп, еңбек адамдарының құқы мен мүддесін қорғау тұрғысындағы мәселелерге орай ойларын ортаға салды. Басқосуға арнайы келген азаматтар Қазақстан кәсіподағының қызметін жандандыру жолындағы тың мүмкіндіктермен танысып, қолдау білдірді. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен ұжымдық шарттың әлеуметтік маңыздылығына ерекше ден қойды. Кәсіподақ ұстанып отырған көзқарастары мен нақты қадамдары сайлаушылар тарапынан қолдау табуына ниет білдірді.