НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың Маңғыстау облыстық қоғамдық штабының мүшелері білім саласы өкілдерімен кездесті. Бұл жөнінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, сенімді өкілдер күннің бірінші жартысында Маңғыстау облыстық энергетика колледжінің, ал екінші жартысында Ақтау қалалық технологиялық қызмет көрсету колледжінің еңбек ұжымымен кездесті. Оған облыстық қоғамдық штаб мүшесі, кәсіподақтар орталығы басшысының орынбасары Тельман Матаев пен білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының Маңғыстау облыстық ұйымының төрайымы Тарбия Байымбетова қатысып, сөз сөйледі. Штаб өкілдері жиналғандарды Аманкелді Таспиховтың өмірбаянымен және сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Кандидаттың тұғырнамасы түсінікті және қарапайым еңбек адамдарына жақын екенін айтып өтті. Облыстық кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Тельман Матаевтың айтуынша, ел тарихында тұңғыш рет кәсіподақтар федерациясы президенттікке кандидат ұсынып отыр. Кездесуге 120-дан астам адам қатысты. Жиналған көпшілік бағдарлама бойынша сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.