С. Торайғыров атындағы ПМУ-да Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығы мен облыстық кәсіподақтар бірлестігінің 70 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі. «Қазіргі заманғы кәсіподақтар: даму жолдары, өзекті мәселелер, жетістіктер мен инновациялар» деген атқа ие болған жиында сөйлеген ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілі Гүлнар Жұмагелдиева кәсіптік одақтар алдында тұрған басты проблема ретінде заңсыз еңбек қарым-қатынастарын атап көрсетті.
– Бүгінде кәсіподақтық ұйымдар көмегімен 12 мың жұмыс беруші өз жұмыскерлерімен қарым-қатынастарын заңдастырып, 39 мың келісімшарт жасасқан, – дейді Гүлнар Жұмагелдиева.
– Қазіргі кезге дейін Қазақстанда екі миллион адамның жұмыс орындарын сақтау мақсатында 117 мың меморандумға қол қойылды. Кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері негізінже Жоғарғы сотпен бірлесе 17 бітімгерлік орталық ашылды. Солардың күшімен екі мыңнан астам еңбек даулары оң шешілді. Дейтұрғанмен, еңбек қауіпсіздігі мәселесі толығымен шешілді деуге болмайды. Гүлнар Жұмагелдиеваның айтуынша, өндірістік жарақаттардан жыл сайын елімізде 200-ден астам адам қайтыс болады. Қайғылы оқиғалардың 65 пайызы жұмыс берушілердің кінәсінен орын алады.
Сол себепті, ҚР Кәсіподақтар федерациясы кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі жүйелерінің халықаралық талаптарға сай болуын жіті назарда ұстайды. Облыстық білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының төрайымы Гүлбарам Науразбаеваның айтуынша, өңірлік кәсіподақтар бірлестігі – облысымыздағы ең ірі қоғамдық ұйым.
– Біздің мақсат – еңбеккерлердің мәртебесін көтеру, құқықтарын қорғап, еңбегін қауіпсіз ету, – дейді Гүлбарам Науразбаева.
– Бүгінде кәсіподақтардың орны ерекше. Біздің ұйымның президенттік сайлауға өз үміткерін ұсынғаны соған дәлел. Кәсіптік одақтардың қоғамдағы ерекше рөлін ИнЕУ қамқорлық кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Хамзин де атап өтті. Оның сөзінше, кәсіподақтар нарықтық экономика көшкен кезде жұмыскерлердің құқықтарын заңнаманалық тұрғыда қорғалуына бірден-бір ықпал етті. Дегенмен, Амангелді Хамзиннің пікірінше, Қазақстанда Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары толық көлемде орындалмауда.
– Айталық, Қазақстанның 2014 жылғы «Кәсіподақтар туралы» заңы ХЕҰ-ның №87 Конвенциясының кейбір тұстарына қарама-қайшы келеді, – дейді Амангелді Хамзин. – Мысал үшін, еліміздегі заң бойынша салалық және аумақтық кәсіподақтар жалпыұлттық кәсіподаққа енуге міндетті. Бұл, менің пікірімше, жұмыскерлердің кәсіптік одақтарға өз еркімен мүше болу құқығына қайшы келеді. Амангелді Хамзиннің айтуынша, Халықаралық еңбек ұйымының басқа да актілерін елімізде ратификациялау Қазақстанда еңбек адамдарына лайықты еңбек жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына жол ашады. Сонымен бірге, ардагер заңгер еңбек дауларын шешу мәселесінде қалалық сот жанында құрылған билер кеңесінің көмегін пайдалануды ұсынды.
– Мәселен, билер кеңесінің мүшесі Павел Сурьманың тобы қысқа мерзім ішінде 90 еңбек дауларын қарастырған. Сотқа дейінгі іс қарауды билер кеңесінің негізінде өткізуді ұсынамын. Оған қоса, еңбек дауларын шешу мақсатында облыстық сот, билер кеңесі мен кәсіподақ бірлестігі арасында меморандумға қол қоюды ұсынамын, – деді Амангелді Хамзин.
http://pavlodarnews.kz/index.php?id=23979