1 маусым күні Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары, кандидаттың сенімді өкілі Тельман Матаевпен «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы, кандидаттың сенімді өкілі Дарнияр Оралов үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында Манғыстау ауданының ауылдарына іс-сапарға шықты.
Іс-сапар Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылының жұртшылығымен кездесуден басталды.
Кездесуге 100-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері, кәсіподақ мүшелері бар.
Кездесу барысында, сенімді өкіл Т.Матаев жергілікті тұрғындарға ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың тұғырнамасы негіздері туралы айтып, түсіндірді. Оның тұғырнамасында кәсіподақтар қозғалысының басты құндылықтары мен еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауға: лайықты еңбекке лайықты еңбекақы төлеуге, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға бағытталғаны туралы сөз қозғап,жиынға қатысушыларды алдағы сайлауда белсеңділік танытуға шақырды.
Кандидат тұғырнамасының өзектілігі жұртшылықтың оң көзқарасын тудырып, қолдау пікірлерге ие болды. Сонымен қатар, округта сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырумен айналысқан белсенділерге кандидаттың атынан алғыс хаттар табысталды.