31 маусым күні Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында ҚР Президенттігіне үміткер А.Таспихов облыстағы сенімді өкілдерімен кездесті.
Кандидатпен бірге туған жерге Республикалық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары М.Жақыповта келді. Кездесуге қатысушы сенімді өкілдер, өңірлік штаб өкілдері, штаб белсенділері кандидаттың өзімен бетпе-бет кездесу мүмкіндігін жібермей, өздерінің үміткерге деген сенімін, оны қолдайтынын білдіру үшін арнайы жиналды.
Кездесуді ашқан А.Таспихов жиналған сенімді өкілдерге ҚР Федерациясынан ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынылып, қазіргі уақытта өзінің сайлауалды тұғырнамасын халыққа түсіндіру мақсатында аймақтарды аралап жүргені туралы айтты. Сонымен қатар, өмірбаянын баяндап, еңбек жолының қиын да әсерлі белестерін таныстырып өтті. Сөз барысында өз өмір жолында кездескен, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен барлық жандарды әркез ризашылықпен еске алып, құрметтейтінін атап өтті.
Кездесу аясында сенімді өкілдер еңбек ардагерлері Н.Изтлеуов, Н.Иманғалиұлы және зейнеттегі ұстаз Л.Федулеева кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы өзекті мәселелерді қозғайтынын, өздерінің кандидатты қолдайтынын айтып, сайлауда кандидатқа дауыс беруге шақырды.
Сонымен қатар, кандидат жиналған сенімді өкілдер мен қатысушылар тарапынан жер мәселесі, жер қойнауының байлығы, кәсіпорындарды сенімгерлік басқаруға беруге байланысты қойылған сұрақтарға ашық, еркін жауап берді. Жас буын болса, атом электр станциясының құрылысы, қазақ тілі, жемқорлық, қоғамда қазіргі уақытта күн тәртібінде өзекті болып отырған мәселелерге кандидаттың көзқарасы жайында сұрақтарына жауап алды.
Кездесу соңында кандидат А.Таспихов сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына белсенді атсалысып, еңбек етіп жүрген бірқатар сенімді өкілдеріне өз атынан алғыс хаттар табыстады.