Көп балалы ана болу – нағыз ерлік

Көп балалы ана болу оңай емес. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Қазір көп балалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңқалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде оның бәрін қалай асырайды деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз, десе де оның оқуы, жоғары білім алуы мен қазақ үшін қасиетті үйлену тойын жасап, баспана әперу – әрбір қазақтың мұңы болғандықтан, көп балалы отбасына таңсықпен қарайтыны бар.

Әбілдиндер отбасы Петропавл қаласында тұрады. Отағасы Әбілдин Т.Қ. учаскелік инспектор, қазіргі күні зейнеткерлікте, жолдасы Каймулдина Ғ.Ш. Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жетекші маманы. Бұл көпбалалы отбасы. Жақында Ғалия Шахметқызы 6 сәбиіне жарық дүние сыйлады. Ғалия мен жұбайы 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп отырған жандар. Балаларының үлкені – 13 жаста, кіші баласы – 9 ай ғана екен. Ғалияның айтуынша оңай емес, бірақ ол барлығы жақсы болатынына сенеді.

«Жанұямызға алтыншы бала қосылды. Өте қуаныштымыз. Әрқайсысын бірдей жақсы көреміз. Бұл соңғысы емес. Сәтін салса, тағы бірнешеуін сүйерміз. Әйел үшін бұдан артық бақыт жоқ. Әрбір бала үлкен бақыт қой”, – деп сыр бөлісті көп балалы бақытты ана. Ғалия үй шаруасы мен бала тәрбиесін бір өзі дөңгелетіп отыр. Үлкен қыздары Дарина мен Дана да көмектесуден жалықпайды. Сабағын оқытып,қосымша білім беру үйірмелеріне де өзі жүреді. Сонымен қатар Ғалия өзінің қарт әкесін де өз қолында бағып-қағып отыр. Анасының дүние салағанына да көп уақыт өтпеген екен.

Халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Әбилдиндер отбасымен кездесіп, балаларға тәтті сыйлықтармен жазғы демалыс лагеріне жолдама сыйлады. Кәсіподақ қазіргі уақытта өзінің қатарындағы әрбір қызметкерлеріне жағдай жасауға дайын. Өз тарапымыздан отбасын мерекемен құттықтап, денсаулық, бақытты балалық шақ тілеп, балалардың әрқайсысы елдің өркендеуіне өз үлестерін қосады деп, тілек білдірдік.