БИЗНЕС ОРТАЛЫҚТА САЙЛАУАЛДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жетісай ауданында жүріп жатқан сайлауалды шарасы аудан орталығында орналасқан Қазыбек бизнес орталығында жалғасты. Бизнес орталықтың еңбек ұжымымен өткен басқосуға 50 адам қатысты.

Негізінен, дәнекерлеу ісімен айналысатын орталық иесі Бауыржан Оңғарбаев бүгінде 80 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда еңбеккерлер үшін тегін тамақтандыру ұйымдастырылған. Жұмыс орнында еңбеккерлерді әлеуемттік тұрғыдан қолдау шаралары жолға қойылған. Орталықта жұмыс істейтін 30 жұмысшы баспанамен қамтылыпты. Жұмыс беруші тарапынан қамқорлықты сезініп отырған ұжым өкілдерімен кездесуде ҚР президенттігіне кандидат А.Таспиховты қолдау мақсатында ашылған Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық аймақтық штабының басшысы, кандидаттың сенімді өкілі Берік Бекжанов сөз сөйлеп, сайлауалды кездесуге арнайы уақыт тауып келген жұртшылыққа сайлаудың маңыздылығын түсіндірді.

Елдің болашағы айқындалар тұста асқан жауапкершілік танытып, белсенді түрде дауыс беруге шақырды. Сонымен қатар үміткер А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, ондағы кандидаттың еңбеккер құқы мен мүддесі туралы келелі ұсыныстарын ортаға салды. Онымен қоса ішкі және сыртқы миграция туралы ой-пікірлерін талқылады.

Тұғырнамада айтылғандай кез-келген жұмыскер үшін оның еңбегіне лайықты ақы төленуі-негізгі шарт болып табылады. «Себебі осы арқылы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылық анықталады» дей келе Берік Айдарбекұлы кандидат ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ еліміздегі ең ықпалды ұйым кәсіподақтың қарапайым жұмыскер мәртебесін көтерудегі қыруар жұмыстары мен алдағы мүмкіндіктерін таратып айтып берді. Үгіт-насихат шарасына келген азаматтар штаб мүшелеріне түрлі сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.