ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық аймақтық штабының мүшелері сайлауалды кездесулер өткізуде түрлі еңбек ұжымдарын қамтуда. Бұл жолғы кездесу Шымкентте орналасқан «ТАҒАН» ЖШС асфальт зауытында өтті. Кеңсе қызметкерлерімен және индустриалды-экономикалық аймақта жұмыс жасап жатқан зауыт еңбеккерлерінің басқосуымен болған жиынға жалпы 40 адам қатысты.
Айта кетейік, құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын кәсіпорында 70 адам жұмыс жасайды, оның ішінде 15 офистік қызметкерлер, 5 учаске басшылары, 25 жол жұмысшылары, 23 механизаторлар мен жүргізушілер, 2 қарауыл жұмыс істейді.
Кездесуді мекеме басшысы Әбдіманап Мамытбаев ашып, Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың бағдарламасымен таныстыру үшін «Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары, штаб төрағасының орынбасары, үміткердің сенімді өкілі Әуесханов Серік Елемесұлына сөз берді.
Серік Елемесұлы Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың өмірбаянымен, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, сайлауға қатысуға және өз таңдауын жасауға әр азаматтың өз еркі барын жеткізді. Кандидат тұғырнамасында көрсетілген қарапайым жұмысшы мәртебесін көтеруге бағытталған ұсыныстарды ортаға салды. Лайықты жалақы төлену, еңбек миграциясы, еңбек құқы мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Кеңсе қызметкерлерімен кездесуде мекеменің бас есепшісі Ілияс Мошқалов және индустриалды-экономикалық аймақтағы жұмыс жасап жатқан зауытта учаске басшысы Дармен Әлімсақов еңбек адамының мүддесін қорғауда қашанда аянып қалмайтын кәсіподақ атқарған жұмыстарды саралай келе, алдағы мүмкіндіктерін таратып айтып берді.