Шымкентте сайлауалды шаралар науқаны қыз-қыз қайнады. Кезекті басқосу Шымкент қаласының Ленгер тас жолы бойындағы «Оңтүстік экономикалық аймақта» орналасқан «Шымкент Кашемир» ЖШС жұмыскерлерімен өтті.
Жиынға 35 адам қатысты. Айта кетейік, мекемеде 60 адам жұмыс жасайды, оның 7 офистік қызметкерлер, 53 жұмысшылар. Кәсіпорын қой және түйе жүндерін иіру, дайын иірілген жүн жіптерінен киімдер (жемпер, свитер, топос, т.с.с.) тоқып шағарады.
Кездесу жиынын мекеменің басшысы Саржанбайұлы Жағымбек ашып, Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың бағдарламасымен таныстыру үшін «Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары, штаб төрағасының орынбасары, үміткердің сенімді өкілі Әуесханов Серік Елемесұлына сөз берді. Серік Елемесұлы үміткердің өмірбаянымен, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Қауіпсіз еңбек жағдайы, жауапсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру бойынша үміткер ұсыныстарын ортаға салды.
Тұғырнамаға сүйене келе үміткердің сенімді өкілі еңбек адамдарына лайықты еңбекақы төленумен бірге олар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын да жасау өте маңызды шарт болып табылады деді. Өйткені, адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Сондай-ақ сенімді өкіл алдағы сайлаудың халықтың болашағы үшін өте маңызды екенін ескеріп, бірауыздан сайлаудан тыс қалмай қатысуға шақырды.