Бүгін, 7 маусымда ҚР Президенттігіне үміткер А.Таспиховтың Қызылорда өңірлік штаб басшысы Серік Сермағамбетов облыс көлеміндегі ең ірі мекемелердің бірі, республикадағы стратегиялық маңызды кәсіпорын – «Аралтұз» Акционерлік қоғамының жұмыскерлерімен кездесті.
Өңірдің қала құраушы кәсіпорны- Арал ауданы, Жақсықылыш кентінде орналасқан «Аралтұз» Акционерлік қоғамы 1200 адамды жұмыспен қамтып отыр, кәсіпорынның жұмыскерлерінің барлығы кәсіподақ мүшелері. Кәсіпорында 2019 жыл басынан жұмыскерлердің жалақысы 25 пайызға өсіп, ең төменгі жалақы 65 мың теңгені құрады.
Кәсіпорынның жылдық өнімділігі 500000 тонна, өнімнің 70 пайыздық үлесі негізінен Ресейге және ТМД елдеріне экспортталады.
Жұмыскерлермен кездесу барысында Серік Сағитжанұлы ұжымды кәсіподақтардан ҚР Президенттігіне ұсынылған кандидат Амангелді Таспиховтың өмірбаяны мен тұғырнамасымен таныстырды. Жұмыскерлермен сайлауалды тұғырнамада орын алған еңбек қатынастары мәселелері, еңбек қауіпсіздігін күшейту, жалақыны өсіру, еңбек құқықтарының сақталуы мәселелері талқыланды.
Өңірлік штаб басшысы Серік Сермағамбетов кәсіпорын басшысының орынбасары, ел президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың Қызылорда облысы Арал ауданы Жақсықылыш кентіндегі сенімді өкілі Нағашыбай Әуезхановқа сайлауалды үгіт жұмыстарында белсенділік танытқаны үшін алғыс білдіріп, Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтар: теория және тәжірибе» монологиясын табыстады.