САЙЛАУАЛДЫ КЕЗДЕСУ БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ӨТТІ

Сайлауалды кездесулер шалғай аудандарда да қызу жүргізілуде. Бұл жолы бәйдібектік белсенділер аудан орталығындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде үгіт-насихат шарасын ұйымдастырды.

Мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала өкілдерінен құралған жиынға бас-аяғы 50 адам жиналды.ҚР президенттігіне кандидат А.Таспиховты қолдау мақсатында Бәйдібек ауданынан ашылған штабтың басшысы, үміткердің сенімді өкілі Сұңқар Әмзеева сөз сөйлеп, азаматтарға келе жатқан президент сайлауының маңыздылығын түсіндіріп, ерекшелігін екшеп берді.

Сондай-ақ кандидаттың сенімді өкілі А.Таспиховтың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек дауларының алдын алу, жазатайым оқиғаларды болдырмау, жалақысы төмен жұмысшылардың жалақысын көтеру, ұжымдық шарт жасасу сынды қоғамда маңызға ие мәселелерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Тұғырнамаға сүйенген Сұңқар Әмзеева «кез келген еңбек адамы үшін оның еңбегіне лайықты ақы төленуі-негізгі шарт болып табылады» дей келе осы арқылы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылық анықталатынын жеткізді. Үгіт-насихат тобы жиналған азаматтарға сайлаудың өзектілігін жан-жақты түсіндіріп, саяси додада белсенді болуға шақырды.