СЕНІМДІ ӨКІЛДЕР ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАСЫНЫҢ САЙЛАУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Еліміздегі ең үлкен қоғамдық ұйым – Кәсіподақтар федерациясы ұсынған кандидат Аманкелді Таспиховтың Маңғыстау облыстық қоғамдық сайлауалды штабының жетекшісінің орынбасары Тельман Матаев пен «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ-нің Маңғыстаулық филиалының төрайымы Тарбия Баимбетова халықты байлық пен бақыттың және тағдырдың талбесігіне бөлеген дарашаңырақ – Жаңаөзен қаласында ерекше тарихы бар № 6 жалпы орта мектебінде кездесу өткізді. Кездесуде әлеуметтік әріптестер, мектеп басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары болды. Жиынға барлығы 60-қа жуық адам қатысты.

Білім қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалының төрайымы, үміткердің сенімді өкілі Баимбетова Тарбия Анайбековна үміткердің тұғырнамасындағы көтерілген мәселелерді баяндап, еңбек адамдарының құқығы мен мүдделері, ұжымдық шарт мәселесі, еңбек заңнамаларына жеке-жеке тоқталып, бүгінде олардың қоғамдағы өзектілігін сөз етті. ҚР Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспихов жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға, қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, жұмысшылардың еңбек құқын қамтамасыз етуге, лайықты жалақының төленуіне, еңбек миграциясын реттеуге күш салғалы отыр. Үміткердің дәрігерлер мен мұғалімдер мәртебесін көтеру, әлеуметтік сала қызметкерлеріне қолдау көрсету, қарапайым жұмысшы құқығын қорғау сияқты мәселерге басты назар аударатынғы туралы айтып өтті.

Тұғырнамада көрсетілген негізгі мәселелерді талқылаған еңбек ұжымы өз пікірлерін ортаға салды. Кездесуді қорытындылаған А.Таспиховтың сенімді өкілдері кәсіподақ мүшелерін сайлауда белсенділік танытуға, кандидатты қолдауға шақырды.