Республикалық Кәсіподақтар федерациясында Бақытжан Әбдірайымның төрағалығымен Бас кеңестің отырысы өтті. Жиында Кәсіподақтар федерациясының, салалық және аумақтық кәсіподақ ұйымдарының басшылары сайлау қорытындысын талқылады және алдағы кезеңге арналған кәсіподақ қызметінің негізгі басымдықтарын белгіледі.
Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат болған Аманкелді Таспихов сайлау ашық, жариялы өтті деп есептейді. «Барлық жерде біздің байқаушыларымыз болды. Заң бұзушылықты байқаған жоқпыз. Ешқандай арыз түскен жоқ. Қазақстандықтар тұрақтылыққа, ынтымаққа көбірек бет бұрып, соған дауыс берді», деген Аманкелді Таспихов осыған дейінгі өз үндеулерінде еңбеккерлердің мәселесіне байланысты нақты ұсыныстарын айтқанын жеткізді. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым бұл ұсыныстардың орындала бастағанын айтты, бағдарламадағы түйткілді мәселелерді шешу бойынша жұмыс жалғаса беретінін атап өтті.
«114 жыл тарихы бар кәсіподақ тұңғыш рет өзінің үміткерін Президент сайлауына ұсынды. Біз ұсынған үміткердің бағдарламасында жалақыны, табысты көтеру, әлеуметтік қорғау, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәселесі болғанын білесіздер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үміткерлердің ұсыныстары бойынша Үкіметке тапсырма бергенін атап өтті. Бұл халық үшін үлкен жетістік. Жақын арада еңбек қауіпсіздігіне байланысты арнайы бағдарлама қабылданғалы жатыр. Көптен бері орындалмай келген Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу Үкіметтен Парламентке ұсынылды. Жұмыс орындарындағы қауіпсіздікке байланысты біздің қатысуымызбен арнайы жұмыс тобы құрылып, жақында Үкімет отырысында қаулы қабылданбақшы. Біз көтерген өзекті мәселелерді шешудің жолдарын қарастырып, жұмысты жүргізе береміз», деді Б.Әбдірайым.
Белгіленген бағыттар жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа жұмыс орындарын ашу, лайықты еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ Мемлекет басшысының ұлықтау рәсімі барысында айтқан әділ әлеуметтік саясатты жүргізу бөлігіндегі бастамалармен үндес. Басқосуда Бас кеңес мүшелері елімізде әлеуметтік әділеттілікті нығайту, еңбек жағдайларын және еңбекті қорғауды жақсарту, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, қызметкерлердің саламатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға жұмыс берушілердің қызығушылығын арттыру, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті дамыту, қызметкерлердің еңбекті қорғауға кеңінен қатысуын қамтамасыз ету және барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда қоғамдық бақылау институтын дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыруды жалғастыруға ниет білдірді.
Майгүл СҰЛТАН