Еліміз ортақ, жеріміз ортақ, яғни, арыстық бауырларымыздың басына түскен бұл ауыр жағдай да бəрімізге ортақ.
Арыс қаласындағы апатты жағдайға байланысты ҚР Кәсіподақтар федерациясы республикамыздың барша азаматтарына – барлық кәсіподақ мүшелеріне, жұмыс берушілер мен бизнес өкілдеріне апаттан зардап шеккен аймаққа жан-жақты материалдық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету жөнінде үндеу жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Арыстағы төтенше жағдайға байланысты Кәсіподақтар федерациясының Үндеуі
Кәсіподақтар федерациясы Арыс қаласындағы техногендік төтенше оқиға туралы ақпаратты құлазыған көңілмен қабылдап, аса ауыр қиындыққа тап болған қала тұрғындары мен әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына үлкен алаңдаушылық білдіреді.
Апаттың айтып келмейтіні – ақиқат! Сондықтан осы қиындықта біз, барша қазақстандықтар, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып», бірлікті ту еткен ел екенімізді дәлелдеуге тиіспіз. “Күш – бірлікте” дегендей, ел басына түскен бұл ауыр жағдай қабырғамызды қайыстырса да, ерік-жігерімізді жасытып, сағымызды сындырмауы тиіс.
Еліміз ортақ, жеріміз ортақ, яғни, арыстық бауырларымыздың басына түскен бұл ауыр жағдай да бəрімізге ортақ. Ендеше барлығымыз азаматтық пен адамгершілік таныта отырып, ортақ апаттан тыс қалмай, қолымыздан келгенше зардап шеккен бауырларымызға жан-жақты материалдық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетейік.
Қазір Кәсіподақтар федерациясының аумақтық бірлестіктері зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында республикамыздың барлық аймақтарында арнайы ұйымдастыру іс-шараларын шұғыл бастап кетті.
Осы орайда біз республикамыздың барлық кәсіподақ мүшелерін, жұмыс берушілер мен бизнес өкілдерін көмек көрсету жұмыстарын қолға алған Кəсіподақтар федерациясының Аумақтық бірлестіктері төрағаларының жанына топтасып, игілікті істі бірлесе атқаруға шақырамыз.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Əбдірайым