НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Арыс, біз біргеміз» акциясына республикалық қоғамдық ұйымдар да үн қосып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы бүкіл елге үндеу тастады. «Арыс қаласындағы техногендік төтенше оқиға туралы ақпаратты құлазыған көңілмен қабылдап, аса ауыр қиындыққа тап болған қала тұрғындары мен әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына үлкен алаңдаушылық білдіреміз. Апаттың айтып келмейтіні – ақиқат! Сондықтан осы қиындықта біз, барша қазақстандықтар, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бірлікті ту еткен ел екенімізді дәлелдеуге тиіспіз. «Күш – бірлікте» дегендей, ел басына түскен бұл ауыр жағдай қабырғамызды қайыстырса да, ерік-жігерімізді жасытып, сағымызды сындырмауы тиіс», – делінген үндеу мәтінінде. Кәсіподақ ұжымының атынан жарияланған құжатта әрбір Арыс тұрғынының басына түскен қиындық барша Қазақстандыққа ортақ екені айтылған. «Еліміз ортақ, жеріміз ортақ, яғни, арыстық бауырларымыздың басына түскен бұл ауыр жағдай да бəрімізге ортақ. Ендеше барлығымыз азаматтық пен адамгершілік таныта отырып, ортақ апаттан тыс қалмай, қолымыздан келгенше зардап шеккен бауырларымызға жан-жақты материалдық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетейік. Қазір кәсіподақтар федерациясының аумақтық бірлестіктері зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында республикамыздың барлық аймақтарында арнайы ұйымдастыру іс-шараларын шұғыл бастап кетті. Осы орайда біз республикамыздың барлық кәсіподақ мүшелерін, жұмыс берушілер мен бизнес өкілдерін көмек көрсету жұмыстарын қолға алған Кəсіподақтар федерациясының Аумақтық бірлестіктері төрағаларының жанына топтасып, игілікті істі бірлесе атқаруға шақырамыз», – делінген Үндеуде. Ал «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту орталығы» АҚ ұжымы Арыстағы жұртқа көмек ретінде бір күндік еңбекақысын аударатындарын хабарлады. «МЖӘ дамыту орталығының ұжымы Арыс қаласының тұрғындарына көмек ретінде бір күндік жалақысын аударуға шешім қабылдады. Бұл әркімнің ерікті шешімі. Біздің әрқайсымыз қайғылы оқиғада зардап шеккендерге көмек қолын созуға дайын болуымыз керек», – делінген хабарламада. Сондай-ақ,Тұңғыш Президент қоры Арыс тұрғындарына материалдық көмек жасап, қаражат аударуда.