27 маусым күні БҚО Кәсіподақтар орталығы ҚР Кәсіподақтар Федерациясының оқу орталығымен бірлесіп «Келісім комиссияларымен жеке еңбек дауларын қарау» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Семинар-тренингті ҚР Кәсіподақтар Федерациясы аппаратының Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Ержан Ошақбайұлы Егембердиев жүргізді. Семинарға облыстың салалық кәсіподақ төрағалары, мамандары, мүшелері, келісім комиссияларының мүшелері және мекеме басшылары қатысты.
Семинардың өткізілу мақсаты ҚР еңбек заңнамасының негіздеріне оқыту, еңбек дауларында келіссөздер жүргізе білу және консенсусқа қол жеткізе білуді дамыту.
БҚО Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Б.Атауов семинар жұмысын ашып, семинардың өткізілу мақсаты мен міндеттерін таныстырып өтті. Семинардың бірінші бөлімінде Е.Егембердиев ҚР Еңбек заңнамасының негіздері, ондағы соңғы өзгерістер мен толықтырулар, келісім комиссияларымен жеке еңбек дауларын қарау, жалпы келісім комиссиясын құру тәртібі, комиссияның жұмысын қамтамасыз ету, құжаттарын ресімдеу және комиссия шешімдерін орындау тәртіптері туралы айтып өтті. Тренингтің екінші бөлімінде қатысушылар соттылық, талап-арызды ресімдеудің кейбір ерекшеліктері, сотқа жүгіну мерзімдері, сот шешімін орындау тәртібі, еңбек дауларын ескерту болйынша шаралар сияқты өзекті мәселелер бойынша білім алды. Сонымен қатар, еңбек заңнамасын бұзуға әкелетін типтік қателерді талқылап, талдау жасап және заңнаманы бұзушылықты болдырмаудың жолдарының түрлі нұсқалары да қатысушылардың назарына ұсынылды.
Семинар барысында қатысушылар келісім комиссиясының жұмысы, ондағы мүшелік туралы, оны құру тәртібі және ұжымдағы еңбек қатынастарын реттеуде пайда болатын, өздерін мазалаған мәселелер бойынша сұрақтарын қойды, өз ретінде лектор Е.Егембердиев осы сұрақтарға білікті жауап беріп, белгілі сұрақтарға байланысты өзінің кеңесін беріп, өз тәжірибесінде орын алған даулардан мысалдар келтіріп, осы дауларды шешудегі оңтайлы жолдарымен бөлісті.
Қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, келелі мәселелерді талқылады және оқыту семинары қорытындысында оларға ҚР Кәсіподақтар Федерациясының оқу орталығының сертификаттары табысталды.