2019 жылы 1 шілде күні «Теңіз» кең орында «Сohsolited Contracting Endihering and Prourement S.A.L Offshore» (CCEP) компаниясының жұмысшылары арасында орын алған қақтығысқа байланысты облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалымен үшжақты комиссияның шұғыл отырысы өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе – жұмысшылардың еңбек жағдайлары.
Жиынға облыс әкімінің аппараты, кәсіподақтар бірлестігі, кәсіпкерлер палатасының басшылықтарымен қатар, ТШО, НКОК компаниялары мен олардың мердігер кәсіпорындарының бірінші басшылары қатысты.
Расымен де, кәсіпорындардың көпшілігі тек өздерінің өндірістік жұмыстарын жүргізіп пайда табудың мәселесін ойлап, сол өндірістің қозғалтқышы – қарапайым еңбекшілердің қамын жұмыс берушілердің ойламай кеткені халықтың ашынуына әкеп соқтыртатыны сөзсіз. Халық айтса қалып айтпайды дегендей, жылдар бойы жиналып келе жатқан мәселелерге, әсіресе еңбек жағдайлары мен жалақылар мөлшеріне, өндірістік сұрақтарға көңіл аудармай, кәсіпорында енді ғана туындап келе жатқан наразылықтарға уақтылы мәң бермеген алпауыт мекеменің басшылары қас қағым сәтте қақтығыстың ортасында қалғанын сезбей қалды. Бір-ақ күннің ішінде «Теңіз» зауыты облыс басшылығын, құқық қорғау органдарын, ТШО басшыларының басын қосты.
Осыған байланысты Нұрлан Ноғаев жиналған кәсіпорын басшыларына қазіргі жұмыс жағдайлары жұмысшылардың көпшілігін қанағаттандырмайдығын жеткізді. Зауыт бір болғанымен, сол зауытқа қызмет ететін жүздеген кәсіпорындардың еңбекақы төлеу саясаты мен еңбек жағдайлары әртүрлі, демек ТШО мен мердігер мекемелер жағдайды түбегейлі өзгертуге күш салулары керек екенін атап өтті.
Облыс әкімі Н.Ноғаев әкімдікке жиі келіп түсетін шағымдарға тоқтала кетті, мысалы еңбекақы айырмашылығы, жалақының, үстеме жұмыстар үшін ақылардың, мереке және демалыс күндері жұмыстар үшін пайдаланылмаған күндерге өтемақының уақтылы төленбеу фактілері анықталған.
Жұмыс берушілер арасында еңбек заңнамасына қайшы келетін іс-әрекеттері өз дәлелін тапқан, мысалы Теңіз жобасында мердігер компания еңбек шартымен белгіленген жұмыс уақытын 4 сағатқа біржақты көбейткен, ұжымның наразылығы мен еңбек инспекциясына шағымдануынан кейін жағдай қалыпқа келді.
Жұмысшылардың өз құқықтарын қорғап тиісті органдарға жолдаған өтініштері үшін компанияның басшылығы тарапынан қудалауға ұшырайтыны тағы бар. «Көпшілігі жұмыс берушінің заңсыз әрекетін, еңбек кодексінің талабына сәйкессіздікті ашып айтуға қорқады. Жұмыс беруші қандайда болмасын себеп тауып, жұмыстан шығарып жіберетінін айтып қорқытады. Мұндай деректер бар» деді Нұрлан Ноғаев.
Жаға ұстатарлық жәйт, «күзет фирмасының өкілдері нысандарда жұмысшыларды қорқытумен айналысқан деректер бар». Күзет ұйымдарының негізгі міндеттері адамдардың өмірі мен денсаулығын, кәсіпорындардың мүлкін қорғау қорғау болса, әрине, бұндай іс-әрекеттерді қылмыстық әрекеттер тобына жатқызуға болады.
Сонымен қатар, «шағым айтқан жұмысшыдан құтылудың түрлі құйтырқы әрекеттерін жасаған фактілер де бар. Бұл әрине адамды ашындыратын, тіпті дау-жанжалға әкелетін жағдай. Сіздердің міндеттеріңіз осындай жағдайлардың алдын алу». Ол рас, себебі 25-жыл Теңіз кеңінде жұмысын үзбей жасап келе жатқан және сол жылдары ешбір тәртіптік жазаға тартылмаған жүргізушілер өз мекемесінде шағым айтқандары үшін заң аясында бір сәтте жұмыстан босап қалған адамдарды талай көрдік. Сотқа жүгінгенмен не пайда, еңбек шартында жұмыс берушінің түсінік бермей жұмыстан шығаруға құқық беретін Еңбек Кодексінің 50-тармағының 3-тармақшасы еңгізіліп тұрса?
«Шағым өте көп, құрметті жұмыс берушілер, бұрын бұл жағдай қалыпты болып келсе, енді өзгертетін уақыт жетті. Мемлекет басшысының бірдей жұмыс істейтін мамандардың азаматтығына қарамай бір мөлшерде лайықты еңбекақы төлеу жөнінде тапсырмасы бар. Иә, белгілі бір қызметтік иерархияға келісемін, барлығын теңестіруге болмайды, бірақ әділдік болуы тиіс. Бір ұжымда бірдей жұмыс істеген екі адамның бірі 300 доллар, екіншісі 3000 доллар алмауы керек, адамдар көріп отыр. Көпшілігі мұны істеген жұмыстары мен көрсеткен қызметтеріне адал ақы алмауларымен байланыстырады. Тапсырыс берушілер, ТШО, НСОС немесе басқа ірі компаниялар болсын өз тараптарынан еңбекақыны әділ төлеп отырғандарын айтады, бірақ соңында бәрібір белгілі болып қалады. Жұмысшының қолына ең соңында шамалы тиын-тебен түседі, сосын ол өзімен бірдей жұмыс істеген шет ел азаматының еңбекақысын көріп, мен неге зардап шегуім керек деген сауал қояды» – деді әкім.
Нұрлан Ноғаев «жергілікті атқарушы органдар барлық еңбекақыны көтеруге міндеттемейтінін, компаниялардың өндірістік міндеттемелерін шешпейтінін» атап өтті. «Мен сіздердің алдарыңызға Еңбек кодексінің, еліміздегі барлық заңдардың, соның ішінде көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу міндетін қоямын. Адал, қолайлы жағдай барлық жұмысшыларға жасалуы керек» деді жиналғандарға аймақ басшысы. «Біз өз тарапымыздан сіздердің бастамаларыңызды күтіп отырмаймыз, жұмыс істейміз, егер жағдайды өз еріктеріңізбен өзгерткілеріңіз келмесе, заңға сәйкес әрекет етуге күшіміз жетеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жетекшілік ететін ведомствоаралық комиссия барлық мәселелерді қарап, олардың шешілуін бақылауда ұстайды» деп қорытындылады өз сөзін облыс басшысы.
Ия, талай жылдар бойы жұмысшылардың еңбек құқықтарын мойындамай, оларға тек міндеттерді орындату қағидатын ұстанып келген көптеген жұмыс берушілердің бастары дауға қалды. Әр жұмысшының артында оның отбасысы тұр. Көпбалалы, мүгедегі бар отбасыда жалғыз асырушы болып табылатын жандар қаншама? Осының бәрін біле тұра, кәсіпорын басшылары жұмысшылардың жағдайларымен қатар кәсіпорынның тұрақтылығын, елдің тыныштығын да ойлау керек.
Бұл орайда сындарлы диалог орнатуда, келіссөздер жүргізуде тәжірибесі мол кәсіподақтар Теңіз және Қарабатан зауыттарындағы барлық кәсіпорындарда бастауыш ұйымдарын құруға бел буды. Алдағы алты ай ішінде алпауыт салалық кәсіподақ өзінің құрамына 20 мыңнан астам жұмысшыларды біріктіріп жұмыс берушілермен жаңа форматта әлеуметтік әріптестік аясында жұмысшылардың құқықтарын қорғап, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасында басты медиатор болып, кәсіподақтар қозғалысын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі