«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» тақырыбындағы семинар Балл Текстиль кәсіпорынында өтті

Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығының төрағасы Б.Бекжанов кәсіподақ қозғалысын, еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік мәселелерді кеңінен түсіндіру мақсатында Балл Текстиль кәсіпорынының 50-ден аса жұмысшыларымен еркін форматта кездесу өткізді.

Кездесу барысында Б.Бекжанов жұмысшыларға кәсіподақ ұйымының қоғамдағы орнын, ұйымның басты мақсаты – еңбек адамының құқығын қорғау екендігін жеткізді. Бұдан бөлек, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, лайықты еңбек ақыны белгілеу, жұмыс берушінің жұмыскерлердің алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі жайында кеңінен мағлұмат берді. Сонымен қатар, Кәсіподақ ұйымында ашылған татуластыру орталығы арқылы еңбек дауларын, сотқа жүгінбей-ақ шешу мүмкіндіктері қарастырылғандығы жөнінде баяндады.

Сондай –ақ, «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрайымы Б.Ордабаева мекеме жұмысшыларына кәсіподақ ұйымына мүше болу жолдарын, ондағы артықшылықтар бойынша толық ақпарат берді.

Өз кезегінде, Балл Текстиль мекемесінің өндіріс басшысы Н.Каракулов осындай форматтағы кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, мекемеге 30 астам жұмыскерлер қажеттігін айтып, осы мәселеде қолдау көрсетуді сұрады. Аталған мәселе бойынша, алдағы уақытта Кәсіподақтар орталығында құрылған «Жеке жұмыспен қамту орталығы» айналысып, нәтижеге қол жеткізеді.

Айта кету керек, «Бал Текстиль» бірлескен кәсіпорны – Қазақстандағы ең ірі кілем фабрикасы. Кілемдер мен кілем өнімдері «BCF», «Heat-Set» брендтерінің синтетикалық пропилен жіптерінен жасалады. Өнімдер TURAN, Хан-Тенгри, Алатау, Bars, Сарыарая, Ұлытау, Алаш, Отырар атауларымен шығарылады және әлемдік деңгейдегі сапаға ие. Кілем өндіретін шикізат Түркия, Бангладеш, Үндістан, Ресей және басқа елдерден импортталады. Зауыт «VandeWiele» (Бельгия), TEXTIMA EXPORT IMPORT GMBH (Германия), Neumag (Германия), Superba (Германия), Volkmann (Германия) жоғары сапалы жабдықпен жабдықталған. Мекемеде 300-ден астам жұмыскерлер қызмет етеді.