10 шілдеде Қызылорда облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы С.Сермағамбетов бастаған әлеуметтік әріптестер тобы Жаңақорған ауданында орналасқан «Шалқия цинк» АҚ еңбек ұжымымен кездесті.
«Шалқия» қорғасын-мырыш кенішінде қуаттылығы жылына 4 млн. тонналық кен-байыту комбинаты «Қызылорда облысында тау-кен металлургия кенішін дамытудың жол картасы» Индустрияландыру жобаларының бірі. Кәсіпорын 2014 жылдан жұмыс жасауда, қазіргі таңда кәсіпорында760 адам жұмыспен қамтылған.
Кездесу барысында Серік Сермағамбетов қазіргі таңдағы елдегі еңбек нарығы мәселелері, әлеуметтік мәселелердің маңыздылығы, жұмыскерлердің еңбек құқықтары сақталуындағы кәсіподақтардың ролі жайлы ойларымен бөлісті. Кәсіподақтармен кәсіпорын жұмыскерлеріне кәсіподақ ұйымын құру туралы ұсыныс білдіріліп, оның құрылу тәртібі, жұмысы, заң талаптары туралы ақпараттар берілді. ҚР Ксәіподақтар Федерация құрамындағы «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі жайлы мәліметтер берді.
Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жолмырза Еламан Шалқия Цинк ЛТД кәсіпорынының аймақ экономикасындағы алатын орыны мен кәсіпорында жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына берілген басымдылық жайын атап өтті.
Кәсіпорындарда әлеуметтік шиеленістің алдын алу және әлеуметтік-еңбек дауларын шешу бағытындағы кешенді жұмыстарда кәсіподақ ұйымдарын құрып, сол арқылы жұмыс берушілер мен жұмыскерлер ортасында конструктивті диалог жүргізілуіне басымдылық беру тиімді жол болып табылады.
Кәсіподақтар қозғалысы бойынша ақпараттық түсіндірмелер нәтижесінде кәсіпорын басшылығы мен жұмыскерлер тарапынан кәсіподақ ұйымын құру туралы ұсынысқа оң көзқарастарын білдірді.