Жойқын жарылыстан зардап шеккен арыстықтарға көмек көрсетуге кәсіподақ өкілдері белсене атсалысуда. Апат болған күннен бастап эвакуациялық бекет ашып, жапа шеккен арыстықтарға пана бола білген еліміздегі ең ірі ұйым-кәсіподақтықтар халыққа көмек қолдарын әлі де созуда.
Түркістан облысы, Шымкент қаласы ” Кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мұрындық болуымен “Бірыңғай қызметтер көрсету орталығы” іске қосылды. Бірлестік төрағасы Берік Бекжанов орталықтың ашылу салтанатына қатысып, орталық қызметкерлеріне сәттілік тіледі. Жарылыстан жапа шеккен тұрғындардың қас-қабағын бағып, сабырлық танытуға шақырды. Орталықтың бағыт-бағдарын, мақсатын түсіндірді. Орталықта тұрғындарға заңгерлік, психологиялық көмектер көрсетіледі. Онда кәсіби медиаторлар мен заңгерлер, еріктілер жұмыс істейді.
Медиаторлар келген тұрғындарға шиеленіске түскен даулы істердің сотқа жетпей шешілуіне көмек көрсетсе, заңгерлер халыққа құқықтық қызметтер көрсетеді. Еріктілер елді аралап, тұрғындардың қандай қызметтерге мұқтаждығын жинақтаумен айналысады.Орталықтың алғашқы жұмыс күнінен-ақ бірнеше азамат түрлі қызметтер алып үлгерді.
Солардың бірі – Айзада Маханова жарылыс кезінде тұрғын үйінің құжаттарын жоғалтып алған. Мамандардан кеңес алу үшін орталыққа келген ол заңгерлермен тілдесіп құжаттарын рәсімдеудің тиімді жолдарымен танысты.Айзада Маханованың орталықтың ашылуына мұрындық болған кәсіподақ өкілдеріне алғысы зор.