Өзекті мәселелер көтерілді

18 шілде күні Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы А.С.Таспиховтың төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Отырыс жұмысына әлеуметтік әріптестердің бірі Батыс Қазақстан облысы Еңбек инспекциясының мемлекеттік еңбек инспекторы А.Ж.Батыров және Үйлестіру кеңесінің мүшелері болып табылатын облыстық салалық және жергілікті кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары қатысты.

Кеңес отырысының күн тәртібінде: аймақтағы әлеуметтік шиеленіс, өндірістік жарақат деңгейі жоғары, жалақысы төмен кәсіпорындардың, ұжымдық шарт жасалмаған және кәсіподақ құруға ниетсіз ұйымдардың мәселелері, 2020 жылға «Қазақстан кәсіподағы» газетіне жазылу науқаны, ҚР Үкіметінің 2019 жылдың 22 мамырындағы №303 қаулысына сәйкес бекітілген 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күнін облыстық кәсіподақ ұйымдары аясында атап өту және оны өткізу бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту мәселелері көтерілді.

Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша Батыс Қазақстан облысы Еңбек инспекциясының мемлекеттік еңбек инспекторы А.Ж.Батыров қатысушыларға қазіргі таңдағы облыстағы әлеуметтік шиеленіс деңгейі жоғары кәсіпорындардағы ахуал жөнінде кеңінен таныстырып өтті.

Күн тәртібіндегі мәселелерге сәйкес облыстық жергілікті кәсіподақтар төрағалары өз мекемелеріндегі әлеуметтік ахуал жайында, жұмысшылардың жалақысына қатысты «Батыс Су арнасы» ЖШС кәсіподақтың бастамасымен ұжымдық шарттағы негіздерге сәйкес әр жыл сайын 1 қаңтардан барлық жұмысшылардың жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен төмен емес деңгейде индекстеуді жүргізіп отырғаны, «Бат.Қаз.ТЭК» АҚ кәсіподақтың бастамасымен мамыр айынан бастап жұмысшылардың жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен 4% ға индекстеуді жүргізіп, маусым айынан жұмысшылардың жалақысын 10%ұлғайтқаны туралы атап өтті. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» ҚБ өз тарапынан жұмыс берушіге жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі жөнінде ресми хат жолдағанын айтса, мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы да маусым айынан мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы санатына қарай 15және 30% артқаны жайында баяндады. Сонымен қатар, кеңес мүшелері 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күнін облыстық кәсіподақ ұйымдары аясында атап өтуге қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.  

Отырыс қорытындысында Үйлестіру кеңесі аймақтағы әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және болдырмау мақсатында жекелеген ұжымдарда әлеуметтік әріптестермен біріккен кездесулер өткізу, еңбекақыны көтеру мәселесі жөнінде мұнай-газ саласындағы мердігер мекемелердің қатысуымен үшжақты комиссияның көшпелі отырысын Бөрлі және Бәйтерек аудандарында өткізу, сондай ақ Қазақстан Кәсіподақтары күнін қыркүйек айынан қазан айының 10-на дейінгі аралығында ұйымдастыру туралы қаулы қабылдады.