Сарапшылардың пікіріне қарағанда, лайықты еңбек арқылы ғана тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуге болады. Бұл төрт бағыт бойынша қалыптасады: еңбек саласындағы іргелі құқық, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және әлеуметтік диалог.
Қазіргі уақытта көптеген елдердің экономикасында жаңа технологиялық революцияның қуатты толқынының әсерімен күрделі трансформация жалғасып жатыр. Осы ретте бәрімізді еңбек нарығындағы жұмыс орындарының жағдайы мен алда не күтіп тұрғаны мазалайтыны айдан анық.
«PwC» халықаралық аудиторлық компаниясы ғаламдық офисінің қызметкерлері «Еңбек қызметінің болашағы: 2022 жылға сапар шегу» деген тақырыптағы зерттеуінде көбімізді толғандырып отырған сұрақтарға жауап бар.
2022 жылы жұмыс істеу жүйесі қалай болады, ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік жүйелер, ауқымды деректер (BigData) мен жасанды интеллект, ғаламдық, экологиялық және демографиялық қатер-сын үйреншікті жұмысты қаншалықты өзгерте алады? Осы сауалдарға жауап табуға болады.
Сауалнамаға жауап бергендердің үштен екісі келешек әлем мүмкіндіктерге толы деп санайды.Олардың пікіріне қарағанда, 2022 жылы түрлі елдерде дәрігерлер емделушілерге қашықтықтан ота жасайды, жүргізушісі жоқ көліктер пайда болады, қонақ үйлерде барлық жұмысты роботтар атқарады, студенттер жұмыссыздық проблемасына алаңдай бастайды, қызметкерлерге қамқорлық басты орынға шығады.
Технологиялық жетістіктер – жасанды интеллект пен цифрландыру, автоматтандыру мен роботтехниканың арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болады. Бірақ осы бір өтпелі кезеңде жұмысынан айырылғандарға жаңа мүмкіндіктер де ашылады.
Қазіргі таңдағы талап етілетін кәсіби дағды келешекте керек болмай қалуы мүмкін. Өйткені, жаңа машықтың өзі тез арада ескіретін болады.
Нәтижесінде еңбек нарығында осал санаттағы жұмысшыларды қорғау ерекше мәнге ие болып, оларды жаңа еңбек жағдайына бейімдеу мен талап еткен машықтарға оқыту жүзеге асады.
Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне қарағанда, 70 пайызға жуық мамандық өзінің атауын сақтап қалуы мүмкін, бірақ іштей түбірлі өзгерістерге ұшырайды.
Бүгін және болашақта нарық талап ететін мамандықтардың өзгеру динамикасы тиісті анықтамалық-ақпараттық материалдарды қарастыруды қажет етеді. Бұл жұмыс іздеген жастар мен мамандығын ауыстырғысы келген адамдарға, жұмысшыларды оқыту мен қайта оқытудың нақты стратегиясын қалыптастыру үшін қажет. Осы механизмнің элементтерінің бірі – жұмысшылардың біліктілігін көтеру. Осыған орай білікті және өнімді жұмыс күшін қалыптастырудың басты құралы болып табылатын кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесі стратегиялық мәнге ие болады.
Кәсіподақ өз тарапынан жұмыстан босаған адамдарды қайта оқыту мен оларды жаңа жұмыс орындарына орналастыруға белсенді түрде қатысуы тиіс.
Оның үстіне қазір әлемде тұрақты емес жұмыс түрлері ( аутсаффинг, лизинг немесе адамды жалға алу) кең тарала бастады.
Жалдамалы еңбек Қазақстан үшін жаңа құбылыс. Бизнес қауымдастығының кейбір өкілдері мұндай еңбек бизнес-процестердің тиімділігін арттырып, еңбек шығындарын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді. Бұған байланысты басқа да көзқарас бар. Олар әлеуметтік-экономикалық жағдайларға кеңірек қарауға тырысып, бизнес-процедуралар ғана емес, түпкі нәтижелері қалай болатынын көріп-біліп отыр.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы жалдамалы еңбек әлеуметтік-еңбек стандарттары деңгейін төмендетіп, жұмысшылардың жағдайының құлдырауына әкеледі деп санайды. Осыған алаңдаушылық білдіріп отыр. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы осы мәселеге зерттеу жасап, елімізде жалдамалы еңбекті заң жүзінде реттеу жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өз ұсынысын берді. Бұл мәселеден Парламент депутаттары да шет қалып отырған жоқ.
Осы жылдың наурыз айында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Алматы қаласында Халықаралық Еңбек ұйымының 100 жылдығына орай «Әлеуметтік еңбек қарым-қатынастарында кәсіподақтардың рөлі. Шығыс пен Батыстың диалогы» деген тақырыпта Халықаралық конференция ұйымдастырды. Форумға әлемнің 11 елінен 200-ге жуық делегат келді.
Халықаралық Еңбек ұйымының бастамасымен конференцияда Қазақстанның еңбек саласының келешегіне байланысты мәселелер кең талқыланды.
Конференцияда кәсіби машықты жетілдіру мен үнемі оқу, сонымен бірге қайта даярлау Қазақстанның болашақтағы еңбек саласының негізгі элементтері деген қорытынды жасалды. Сонымен бірге лайықты жұмыспен қамту мен кедейліктің алдын алуға, озық білім мен мүмкіндіктерге негізделген жаңа экономиканы қалыптастыруға да жол ашылатыны айтылған еді.
Қазақстан кәсіподақтары жұмысшының білімі мен біліктілігін ұтымды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиімді жұмыспен қамтуды, лайықты еңбекақыны, үздіксіз кәсіби дамуды, кәсіби өсу мен біліктілікті көтеруді, жұмысшыларды еңбекке ынталандыруды, олардың еңбегі мен демалысын сауатты ұйымдастыруды, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауды көздеп отыр. Еңбек саласына қатысты барлық бастамалар кәсіподақ қызметінің негізгі өзегіне айналды.