СПОРТТАН ЕШҚАЙДА ҚАШЫП ҚҰТЫЛА АЛМАЙСЫҢ!

“Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” деген есті сөз бар. Еліміздегі тұңғыш және мемлекеттік жалғыз спорттық телеарна “Қазспорт” студиясында Нұр-Сұлтан қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы, “Қазақстанның спорттық-сауықтыру кәсіподақтар қоғамының” және “Қазақстан кикбоксинг федерациясының” президенті Тастанбек Есентаев мырза қонақта болды.

Осыдан 6 жыл бұрын, 2013 жылы Тастанбек Есентаев Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде аталған телеарнаның ашылуына бір кісідей ат салысқан еді. Атап айтқанда, Агенттіктің төрағасы зор ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында жүріп, Үкімет тарапынан жасалған қолдау жұмыстарына ұйытқы болып, бұл іске өзінің сүбелі үлесін қосты. Соның нәтижесінде еліміздің тұңғыш спорттық арнасы дүниеге келген болатын.

Ал, бүгінгі таңда сол “Қазспорт” арнасына 6 жыл толып отыр! Студия қонағы ретінде Тастанбек Есентаев басқа себеппен шақырту алған еді. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының жанынан былтырғы жылдың соңында еліміздің еңбекшілеріне арналып “Қазақстанның спорттық-сауықтыру кәсіподақтар қоғамы” құрылған болатын. Осы мерзім аралығында аталған қоғамдық бірлестік көптеген шараларды ұйымдастырып, жұртшылықтан оң баға алды. Осы қоғамның болашақтағы жоспары, алға қойған мақсаты, атқарған жұмыстары мен өткен іс-шаралардың қорытындысы сұхбат барысында кеңінен әңгіме болды. Жалпы, мұның өте қажет ұйым екенін аумақтық және салааралық кәсіподақтар өкілдері де мойындайды. Ел қолдап отыр. Бұл қоғамның айтары әлі алда. Бұған қоса, Қазақстанда тұңғыш рет Олимпиада спортшыларын ғылыми жағынан қалай дұрыс дайындау керектігі туралы спорт саласындағы атақты ғалымдармен бірігіп жазылған кітап жарық көрген болатын. Шет елдерде шыққан бағалы туынды енді біздің елге де жетті.