30 шілде күні Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «БҚО кәсіподақтар орталығының 2019 жылдың I жартыжылдығында атқарған жұмыстары туралы» тақырыбында «БҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспихов пен «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Махамбет Кәкімұлы Құсайыновтың қатысуымен баспасөз мəслихатын өткізді.
Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы облыстағы ірі салалық, жергілікті, аудандық кәсіподақ комитеттері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарын біріктіріп отыр. Облыс көлеміндегі көптеген қызметкерлерді біріктірген кәсіподақтардың аясы да жылдан жылға кеңейіп келеді. Атап айтсақ, соңғы бір жылда «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы және «Ынтымақ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің кәсіподағы құрылды. Мұнан өзге жаңадан құрылған 59 бастауыш кәсіподақтар есебінен, кәсіподақ мүшелері 10755-ке өсті. Кәсіподақтар орталығы ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңымен бірге басқа да нормативтік-құқықтық заңдарды басшылыққа ала отырып, өз жұмысын облыста қызмет атқарып отырған салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе жүргізіп келеді.
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» ҚБ 2019 жылдың 01 қаңтарында 2019-2021 жылдарға арналған ұжымдық шартты қолданысқа енгізді. Ұжымдық шарт қолданыста болған әлеуметтік пакетті және қызметкерлердің әл-ауқаты деңгейін жақсарту бағытында жетілдіріліп қабылданды. Ұжымдық шарт бойынша әр жыл сайын 1 қаңтардан барлық жұмысшылардың жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен төмен емес деңгейде индекстеуді жүргізу шарты алдағы мерзімге де сақталды. Қосымша жалпы индекстеуден бөлек барлық жұмысшылардың жалақысын 2019 жылы – 2,0%, 2020 жылы – 1,0%, 2021 жылы – 0,5% ұлғайту, жұмысқа қабылдау кезіндегі жалақы деңгейін 170 000 теңгеден төмен емес деңгейде белгілеу шаралары да осы ұжымдық шарттың еңбек адамының жағдайын жақсартуда жылдар бойына жасалып отырған оң үрдістердің жалғасы деуге болады.
«БҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Аманкелді Таспиховтың айтуынша, кәсіподақтар ұжымдағы еңбек дауларының алдын алу мақсатында осы жылдың 15 наурызы күні кәсіподақтар орталығы мен Орал қаласының №2 соты арасында еңбек даулары мен жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулардың алдын-алу мақсатында өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қойды. Меморандум аясында бүгінгі күні №2 сотының судьяларымен кәсіподақ өкілдері бірігіп облыстың кәсіпорын ұйымдарында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
– Жұмысшылардың жалақысына қатысты мәселе бүгінгі күнгі ең өзектілердің қатарында. Кәсіподақтар бұл мәселеге қатысты жұмыс атқаруда. Облысымыздағы ірі өндіріс ұйымдарының бірі «Батыс Су арнасы» ЖШС кәсіподақтың бастамасымен әр жыл сайын 1 қаңтардан барлық жұмысшылардың жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен төмен емес деңгейде индекстеуді жүргізіп отыр, «Бат.Қаз.ТЭК» АҚ кәсіподақтың бастамасымен мамыр айынан бастап жұмысшылардың жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен 4% ға индекстеуді жүргізіп, маусым айынан жұмысшылардың жалақысын 10% ұлғайтты. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» ҚБ өз тарапынан жұмыс берушіге жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі жөнінде ресми хат жолдады. Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері саласында да маусым айынан мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы санатына қарай 15% және 30% артты, – деді Аманкелді Сатыбалдыұлы.
2018 жылдың 3 қазанында өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV съезінде ҚР КФ төрағасы Бақытжан Жарылқасынұлы Әбдірайым алдағы жылдарға маңызды міндеттерді айқындаған болатын, соның ішінде өндірістерде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмысшыны әлеуметтік қорғау саласын жаңғырту және жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы медиация мәселесін жаңа сапалы деңгейге шығару сынды мәселелерге назар аударуды күшейту қажеттігін көрсетті. Бұған қатысты кәсіподақтар Еңбек кодексіне еңбек жағдайына толықтай әр уақытта жұмыс берушілердің жауаптылығын міндеттейтін норма енгізу бойынша жұмыс атқаруда.