Elorda Aqparat : “Елбасы «Кәсіподақ қайраткері» медалімен марапатталды”

Фото Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметінен
30 шiлде, 17:0515

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Кәсіподақ қайраткері» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Елорда Инфо Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1980-ші жылдардың аяғында қайта құру кезеңінде, яғни «демократия» етек ала бастаған шақта мемлекеттік органдар мен мекемелерді, әскер мен құқық қорғау органдарын саясатсыздандыру және партиясыздандыру үрдісі басталды. Ал кәсіподақтарда ыдырау және әлсіреу кезеңі басталды.

Еліміз егемендікке, тәуелсіздікке қол жеткізген кезде 90 жылдардың басында жаңа Президент аппаратында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Бұл барлық орталық мемлекеттік органдарда партиялық және кәсіподақ комитеттері тарқаған уақытта болды.

Сол кезден бастап Елбасы кәсіподақ комитетінің жүйелі қызмет атқаруына қамқорлық танытты. Ішкі аппарат мәселелері бойынша тапсырмаларды кәсіподақтар арқылы жүзеге асыруды ұсынып отырды, осылайша қоғамдық ұйымның беделін арттырды. Президент Әкімшілігінің кәсіподақ комитетінің басшысы осындай қолдауды сезіне отырып, Елбасы артып отырған сенімді ақтауға тырысты және ұжымда белсене жұмыс атқарды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің еліміздің кәсіподақтары тарихындағы айрықша рөлін ескере отырып, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Орталық комитетінің президиумы өзінің жоғары кәсіподақ марапатын бекітті.

«Кәсіподақ қозғалысының дамуына, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің бастауыш кәсіподақ ұйымын құруға және сақтауға, мемлекеттік қызметшілердің салалық кәсіподағын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін және кәсіби мереке – мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Кәсіподақ қайраткері» №001 медалімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты марапаттау туралы шешім қабылдады», – делінген хабарламада.

Кәсіподақ марапаты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы Махмұд Қасымбековқа тапсырылды.

Фото Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметінен

Фото Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметінен

https://elorda.info/kk/news/view/elbasy-kaesipodak-kayratkeri-medalimen-marapattaldy