Тамыз айының алғашқы жексенбісінде аталып өтілетін кәсіби мереке көлік қызметкерлерінің еншісінде. Әрбір еңбек адамының мүддесі мен заңды игіліктеріне жанашыр кәсіподақтар сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтауды назардан тыс қалдырмады.
«Қызылорда Автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мерекеге орай жиын өтті. Мерекелік құттықтау жиынына Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, автокөлік саласы ардагерлері, мекеме басшылығы, еңбек ұжымы, кәсіподақ ұйымы белсенділері қатысты.
«Қызылорда Автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жұмыскерлердің 100 пайызға жуығы, 230 жұмыскер кәсіподақ мүшелері. Ел игілігіне қызмет жасауда көлік саласының өзіндік орыны және соның ішінде аталған кәсіпорынның аймақта сүбелі үлесі бар.
Марат Бәйімбетов өз құттықтауында жұмыскерлерге саладағы еңбектері үшін алғыс білдіре отырып, серіктестіктің директоры Нұржан Ахатовтың әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақтармен өзара тиімді байланысты орнатудағы еңбегі мен кәсіпорынның кәсіподақ ұйымының төрағасы Құдайберген Қанатовтың кәсіподақтар жүйесіндегі елеулі еңбегін атап өтті. Кәсіпорынның бір топ қызметкерлері мен ардагерлеріне «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестігі мен Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің марапаттары табысталды.