Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының сотты болған Ерлан Балтабайға рақымшылық жасалуына қатысты Үндеуі

Кәсіподақтар ынтымақтастығы қағидаларын негізге ала отырып, Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қасиетті Құрбан айт мейрамы қарсаңында қоғам белсендісі Ерлан Балтабайға рақымшылық жасағаны туралы шешімін қуанышпен қабыл алды.

Құрбан айт – мейірім мерекесі, адамдардың ізгі ниеттерін оятып, жақсы амалдар жасауға, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруге жұмылдырады.

Мемлекет басшысының бұл шешімі азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтуға жасалған маңызды қадам болып табылады деп есептейміз.

Мемлекетіміз азаматтар мен қоғамның әл-ауқатын жан-жақты жақсартуға бағытталған әлеуметтік даму бағыты мен қоғамдық-саяси үрдісті бұдан әрі де жалғастыра беруі тиіс.

Ал Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік тұрақтылықты, сындарлы диалогтың құрылуын және қоғамда кикілжіңді жағдайлардың азаюын қолдайды.

Кәсіподақтар әлеуметтік тетік ретінде бар күш-жігерін әлеуметтік-еңбек қатынастарында туындайтын даулар мен келіспеушіліктерді оңтайлы жолмен шешуге бағыттайды.

Біз еңбек ұжымдарында, қоғамда және елімізде әлеуметтік тұрақтылықтың болуын қолдаймыз.

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы