ҚР Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитетінің отырысы өтті

Ағымдағы жылғы 19 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайымның төрағалығымен ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің отырысы өтті. Отырысқа салалық кәсіподақтардың, аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің төрағалары қатысты.

Атқару комитетінің күн тәртібінде аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің жаңа төрағаларын сайлау, кәсіподақтар бірлестіктерінің Жарғыларын жаңа редакцияда бекіту, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамына жаңа мүшелер қабылдау және ҚРКФ Бас Кеңесінің отырысын шақыру мәселелері қаралды.

«Батыс Қазақстан облысының кәсіподақ орталығы» АКБ жаңа төрағасы болып Айгүл Оразқызы Есекенова, ал «Маңғыстау облысының кәсіподақ орталығы» АКБ төрағасы қызметіне Киікбай Мыңбайұлы Жаулин бірауыздан сайланды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша 16 аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің Жарғылары жаңа редакцияда бекітіліп, салалық кәсіподақтардың аумақтық құрылымдары өкілдерінің Үйлестіру Кеңесі туралы Ереже мақұлданды.

Сонымен қатар, ҚРКФ Атқару комитеті «QAZMED» медицина және онымен сабақтас салалалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ҚР Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіру туралы ұсынысын қарастырды және Бас кеңестің қарауына жіберді.

Күн тәртібіне сәйкес Атқару комитеті ағымдағы жылғы 23-24 тамыз күндері ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Бас Кеңесінің отырысын шақыру туралы шешім қабылдады.

Отырыс соңында Бақытжан Әбдірайым еліміздің Кәсіподақтар федерациясы қызметіне қосқан зор үлесі үшін «YNTYMAQ» қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ төрағасы Қайрат Жаңабековты, ҚРКФ әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрайымы Гүлнар Жұмагелдиеваны, «Профсервис Астана» ЖШС директорының  шаруашылық жөніндегі орынбасары Қалымжан Бекебаевты, серіктестіктің бухгалтері Лариса Кимді, техникалық қызметкер Қуаныш Оразовты «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.