Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Бақытжан Әбдірайымның төрағалығымен ҚР Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысы өтті.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтар федерациясы қазақстандықтарды Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа шарттарына әлеуметтік бейімдеу үшін қозғаушы күш болуы тиістігін атап өтті», – деді өз сөзінде Б. Әбдірайым.
Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік бастамаларының өзектілігі және өз уақытына сай екендігі, сонымен қатар, кәсіподақтардың басты құндылықтарымен үйлесім табатындығы аталып өтті.
Бас кеңестің мүшелері елімізде орын алып жатқан әлеуметтік-еңбек реформалары уақыт талабы деп санайды. Бұл реформалар кәсіподақтар қызметін жаңғырту және Еңбек адамын қорғаудағы тиімділігін арттыру үшін бағыт-бағдар болуы тиіс. Осы ретте әлеуметтік әріптестіктің ерекше рөлі мен әріптестікті нығайту маңыздылығы көрсетілді.
Бақытжан Әбдірайым айтып өткендей, ҚР Үкіметі, ҚРКФ және «Атамекен» ҰКП арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім, сонымен қатар, 21 салалық және 16 аумақтық келісімдер кәсіподақтардың үшжақты комиссия, дағдарысқа қарсы штаб, қоғамдық және үйлестіру кеңестерінің отырысына кеңінен қатысуына мүмкіндік берді.
Үшжақты комиссия аясында мүше ұйымдар тиісті салалардағы кәсіподақ ұйымдарының қызметін біріктіре алды. Әлеуметтік әріптестермен өзара ынтымақтастықтың айқын дәлелі – Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдар санының 18-ден 23 салалық кәсіподақтарға артуы болып табылады. 40 мың еңбеккерді қамтитын 500-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылды.
ҚРКФ Бас кеңесінің отырысында кәсіподақ мүшелерінің саны 45 мыңға жуық «QAZMED» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Федерация құрамына қабылданды.
Жұмыс нәтижелерін қорыта келе, Бас кеңес мүшелері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың әлеуметтік әріптестік тараптары арасында өзара тиімді байланыс жүйесін қалыптастыруға қосқан үлесін жоғары бағалай отырып, «Үздік әлеуметтік әріптес» белгісімен марапаттады.
Аймақтық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан зор үлестері үшін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты осы белгімен марапаттау туралы шешім қабылданды.
Отырыс соңында ҚРКФ басшысы Бас кеңес мүшелерін кәсіподақтардың ынтымақтастығы мен басты құндылықтарын кеңінен насихаттауға шақырды.
https://baq.kz/news/othernews/saparbaev-atandy/