ҚР Кәсіподақтар федерациясында Бақытжан Әбдірайымның төрағалығымен ҚРКФ Атқару комитетінің отырысы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламентінің біріккен отырысында жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі бағыттарды талқылау болды.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауында мемлекет пен қоғам арасында сындарлы диалог құру арқылы еліміздің тұрақтылығын нығайтуға және өсіп-өркендеуіне бағытталған шаралар негізге алынғанын атап өтті.
Отырыс барысында Атқару комитетінің мүшелері Мемлекет басшысы көрсеткен өзекті бағыттардың Қазақстанның әрі қарай дамуы үшін маңыздылығын атап өтті. Жолдауда әлеуметтік саясат, мемлекеттік институттарды нығайту, азаматтардың құқығы мен тәуелсіздігін қорғау, экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері айрықша көрсетілген.
Президенттің азаматтық қоғамды қолдап, ең өзекті жалпымемлекеттік міндеттерді талқылауға қатыстыру жөніндегі тапсырмасы ерекше атап өтілді.
Атқару комитетінің мүшелері Жолдаудың әлеуметтік аспектілерін, соның ішінде жаңа жұмыс орындарын құру, білім және мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мәселелерін жан-жақты талқылады.
Бақытжан Әбдірайым кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақ мүшелерін Жолдауда көрсетілген міндеттер аясында бірігуге және жүзеге асыру мақсатында нақты іс-шараларды қолға алуға шақырды.
Атқару комитетінің отырысы барысында әлеуметтік-еңбек қатынастары саласын жетілдіруге қатысты бірқатар мәселелер қаралды.
Атқару комитеті «Түркістан облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігін құру туралы шешім қабылдады.
Күн тәртібіне сай Атқару комитетінің мүшелері ҚРКФ Доктринасы жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобын құру мәселесін талқылады. Бұл құжат аясында кәсіподақтардың идеялық бірігуі мен заман талаптарына сай кәсіподақтар стратегиясын анықтауды қамтамасыз ету жоспарлануда.
Отырыс аясында әр салада ең төменгі еңбекақы деңгейін белгілеу арқылы Еңбек адамының өмір сүру деңгейін арттыруға жәрдемдесетін еңбекақыны реттеуді қарастыратын 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімге өзгерістер енгізу туралы келісім жобасын дайындау бойынша жұмыс тобының құрамы бекітілді.
Сонымен қатар, ҚРКФ Атқару комитеті әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссия қарауына жіберу үшін бірқатар әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерін қарастырды.