4 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы А.Есекенованың төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырыс жұмысына әлеуметтік әріптестер және Үйлестіру кеңесінің мүшелері болып табылатын облыстық салалық және жергілікті кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібінде: ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, ҚР Кәсіподақтар Федерациясын жаңғырту бойынша Жол картасын жүзеге асырудың қорытындысы, ҚР Кәсіподақтар күні мерекесін өткізу туралы мәселелер талқыланды.
Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша БҚО Кәсіподақтар орталығының төрайымы А.Есекенова ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Қазақстан халқына Жолдауын қатысушыларға кеңінен таныстырып, басымдық берілген негізгі бағыттарына тоқталды. Барлық қатысушыларды Жолдаудың орындалуына атсалысып, бірігіп еңбек етуге шақырды. Отырыс барысында мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы А.Батырханов, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымының төрағасы М.Даупаев, сонымен қатар, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының өкілі З.Сисенғали Жолдаудың ұтымды бағыттары туралы айтып өтті.
Әлеуметтік серіктестер тарапынан сөз алған БҚО «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы А.Абулкаирова мен БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары С.Хангереев Жолдаудың шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында айқын белгіленген тұстары мен әлеуметтік жауапты қоғамды дамыту бағытындағы басым тармақтарын атап өтіп, әлеуметтік әріптестерді осы бағытта бірігіп жұмыс жасауға шақырды.
Келесі кезекте төрайым ҚР Кәсіподақтар Федерациясын жаңғырту бойынша Жол картасын жүзеге асырудың қорытындысы жайында баяндама жасап, Кәсіподақтар күнін ұйымдастыру және өткізу бойынша сұрақтар талқыланды, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Отырыс қорытындысында Жолдауды кеңінен насихаттау мақсатында өндіріс ошақтары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, Кәсіподақтар күнін ұйымдастыру және өткізу бойынша іс-шараларды басшылыққа алып жұмыстану туралы қаулы қабылдынды.