2019 жылғы 23 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Кәсіподақтары күні мейрамы қарсаңында Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының жетекшілері облыстағы белгілі “Стекло-Сервис” ЖШС басшылығымен кездесті. Сонымен қатар, “Стекло-Сервис” ЖШС өндірістік алаңдарында болып, заманауи жабдықталған цехтардағы әйнек дайындаудың өндіріс үдерісімен танысты.
2001 жылы негізі қаланған «Стекло-Сервис» ЖШС – Батыс Қазақстандағы әйнек өндірісі бойынша жетекші кәсіпорындардың бірі. Компанияның өнімдері отандық нарықта ғана емес, көршілес Ресейдің қалаларында да сұранысқа ие. Бүгінгі таңда компанияның Орал қаласында өзіндік өндірістік базасы, Ақтөбе, Атырау және Шымкент қалаларында филиалдары, Астана қаласындағы өкілдігі бар.
Кездесудің басты мақсаты – ұжымда кәсіподақ ұйымын құру және ұжымдық шарттың маңыздылығын насихаттау. Кәсіподақтардың басты міндеті – еңбек адамының құқықтарын қорғай отырып, олардың әлеуметтік әлеуетін арттыру болып табылады. Кездесу барысында кәсіподақ өкілдері кәсіподақ ұйымының жұмыс бағытымен таныстырып, жұмысшылардың құқықтық қорғалуы, олардың әлеуметтік тұрғыдан лайықты қамтамасыз етілуі, еңбек дауларының алдын алу мен оларды шешу кәсіподақтардың негізгі жұмысы екеніне тоқталып, қазіргі уақыттағы кәсіподақтың маңыздылығын түсіндірді.