Кәсіподақтар күніне арналған іс-шаралар талқыланды

Үстіміздегі жылдың 24 қыркүйек күні Жамбыл облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде аймақтағы салалық кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жамбыл облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М. Төлепбергеннің төрағалығымен өткізілген Үйлестіру кеңесінің отырысында «10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні», облыстағы әлеуметтік әріптестермен бірлесіп «Еңбек күні» мерекелерін атап өту мәселелері талқыланды.

Көпшілікке белгілі биыл Қазақстан Республикасы Үкіметінің 22 мамырдағы № 303 қаулысымен Қазақстан кәсіподақтар күні – 10 қазан болып мерекелік күндер қатарына енгізілген болатын. Осы орайда, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М. Төлепберген облыстағы салалық кәсіподақ ұйымдарының атсалысуымен және әлеуметтік әріптестердің қолдауымен алда келе жатқан 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні мерекесін тиісті дәрежеде атап өтуге байланысты бірқатар маңызды мәселелерді айтты. Кеңес мүшелері осы кәсіподақтар күні мерекесін атап өтуге байланысты өздерінің ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.

Елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін «Еңбек күні» мерекесін орай облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының бастамасымен 2019 жылдың 26 қыркүйегінде «Еңбекке жастан – өнерге бастан!» тақырыбында конференция өткізу жоспарлануда.

Бұл мерекелік конференцияға кәсіподақ ұйымдары қатысып, «Еңбек күні» мерекесін әлеуметтік әріптестермен бірігіп атап өту мәселесі айтылып, үйлестіру кеңесі мүшелері тарапынан мақұлданды.