Кәсіподақтар Қазақстандағы еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарды әлеуметтік әріптестердің назарына жеткізді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ержан Егембердиев 26 қыркүйек күні Ақтөбе қаласында «Қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз ету» тақырыбындағы кусталық семинар жұмысына қатысты.
Іс-шара барысында еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселелері, сондай-ақ өзге де өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары қаралды.
Семинарда сөз сөйлеген Ержан Егембердиев қатысушыларды Кәсіподақтар федерациясының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қолға алған іс-шаралары туралы ақпараттандырды.
ҚРКФ төрағасының орынбасары өндірісте орын алатын жазатайым жағдайлар мәселесіне баса назар аударды. Себебі, бұл жағдайлардың алдын-алуға болатын еді.
ҚРКФ талдауы бойынша 2018 жыл ішінде еліміздің 191 кәсіпорнында 221 адам қаза болған және көп жағдайлар жұмыс берушінің кінәсінен орын алуда.
Адам өліміне әкелген жағдайлардың көп бөлігі тау-кен металлургиялық өндіріс, құрылыс, теміржол және автомобиль көлігі, химиялық өнеркәсіп ұйымдарында, бюджеттік ұйымдарда, шағын бизнес мекемелерінде болады.
Ержан Егембердиев коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталу мәселесіне алаңдаушылық білдірді. 2018 жылдың ішінде құдықтармен жұмыс барысында 45 жұмысшы зардап шеккен, оның ішінде 7 адам қаза болды.
Өткізілген талдау нәтижелері бойынша Кәсіподақтар федерациясы еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар әзірледі.
ҚРКФ төрағасының орынбасары еңбек заңнамасына жазатайым жағдайлардың алдын-алу және жою жұмыстарының рөлін арттыру бойынша реформалар қажеттігін атап өтті.
Жұмыс беруші жазатайым жағдайларды жасырып қалмауы үшін Еңбек кодексіне жұмыс берушіні жұмысшылардың кез келген жарақатын белгілеуді міндеттеу туралы норманы енгізу ұсынылды.
Сондай-ақ, Өндірістік кеңестерді құру және олардың құқықтық мәртебесін күшейту туралы міндетті норманы заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттігі айтылды. Бұл, өз кезегінде, ішкі бақылауды күшейтетіні анық. Қазіргі таңда кәсіподақтарда 11 754 еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылып, жұмыс істеуде. Олардың 79,4%-ы кәсіподақтардың бастамасымен құрылған.
Республикада 18 810 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор қоғамдық бақылау жүргізеді.
Өткен жылдың ішінде еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар 106 554 астам тексеріс өткізді, осының аясында еңбекті қорғауға қатысты заңнама талаптарының бұзылуы бойынша 145 434 жағдай анықталды.
Қауіпсіздік мәдениетін дамыту үшін Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Vision Zero (нөлдік жарақаттанушылық) дүниежүзілік тұжырымдамасын жоба ретінде енгізуді ұсынды. Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестік аясында Ақтөбе облысының барлық кәсіпорындарында өндірістік кеңестерді құру бойынша жергілікті келісім бекіту ұсынылды.
Бүгінгі таңда аймақ кәсіпорындарының өндірістік кеңестермен қамтылу деңгейі 20%-дан кем.
Е.Егембердиев 2015 жылғы Еңбек кодексінің нормаларын жүзеге асыру және өндірістік кеңестердің қызметі жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдерінің өзара байланысын арттыратындығын жеткізді.
Семинар соңында қатысушылар кәсіптік қауіп деңгейін азайтуға және еңбеккерлерге лайықты еңбек шарттарын құруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірледі.
Сондай-ақ, семинарға қатысушылар нөлдік жарақаттанушылыққа ие – «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе филиалына барды. Мұнда жұмыс беруші қауіпсіз еңбек шарттарын ұйымдастыруға ауқымды қаржы бөліп отырады. Бүгінде кәсіпорын ІХ Халықаралық конференцияның және «KIOSH 2019» еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік көрмесінің, сондай-ақ «Парыз» әлеуметтік жауапкершілік байқауының қатысушысы болып табылады.
Кусталық семинардың ұйымдастырушылары – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Семинар мақсаты – мемлекеттік органдар, бизнес және қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін еңбеккерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау, өндірістік жарақаттанушылықты азайту мәселелерін шешуге біріктіру.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы
http://qaz.infozakon.kz/life/7107-ebek-aupszdg-basty-nazarda.html