Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы «Smart Kasipodaq Yntymaq» цифрлық сервисін таныстырды

Іс-шараға ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов, «Транстелеком» АҚ Басқарма төрағасы Жанболат Надыров, сонымен қатар, салалық кәсіподақтар басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері қатысты.

Сөз алған ҚРКФ басшысы цифрлық трансформация біздің елімізді жаңғыртудың басты бағыттарының бірі екендігін атап көрсетті.

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов Қазақстанда цифрландыру өнеркәсіптік өндірістің, ауыл шаруашылығының, көліктің, бөлшек сауданың дамуына ықпал ететіндігін сөз етті.

«Smart Kasipodaq Yntymaq» сервисі – жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша кәсіподақ ұйымдарының қызметін үйлестіру және қолдау мақсатында әзірленген цифрлық тұғырнама.

Қосымшаны «Транстелеком» АҚ «Yntymaq» Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ бірге әзірледі. Осы сынды сервис Қазақстан Республикасында бұрын-соңды болмаған.

Сервисті кәсіподақтар қызметіне кіргізу жұмыс тиімділігін арттыруға, кәсіподақтар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және кәсіподақ ұйымдарына жақсы қарым-қатынасты арттыруға жәрдемдеседі.

«Smart Kasipodaq Yntymaq» тұғырнамасының көмегімен кәсіподақ ұйымдарының мүшелері өз кәсіподақ ұйымының жұмысын бақылайды, онлайн түрде заңдық кеңес алады, еңбек заңнамасы бойынша көмек көрсетіледі, еңбек даулары реттеледі, материалдық көмек туралы өтініш беруге болады, ұжымдық шарт жобасына ұсыныстар енгізіледі және т.б.

Сонымен қатар, осы қосымша кәсіподақ ұйымдарының мүшелеріне Әріптестер желілерінен жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді.

Жүйенің арқасында әр кәсіподақ мүшесі смартфон арқылы еңбек заңнамасы бойынша қажетті ақпарат немесе көмек алады, материалдық көмек туралы өтініш бере алады.

Таныстырылым барысында электронды кәсіподақ билеттерін салтанатты табыстау рәсімі өтті. Бірінші электронды кәсіподақ билеті ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжановқа табысталды.