ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов Халықаралық білім ұйымының Еуропалық комитетінің өкілдерімен өзара ынтымақтастық мәселесін талқылады

ҚР Кәсіподақтар федерациясында ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов Халықаралық білім ұйымының Еуропалық комитетінің директоры Сьюзен Флокенмен, сонымен қатар, халықаралық ұйымның сарапшысы Валерия Десфайнмен кездесті.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан кездесуге ҚРКФ төрағасының орынбасары Ержан Егембердиев, «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрайымы Майра Амантаева, ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрайымы Гүлнар Жұмагельдиева қатысты.

ҚРКФ басшысы шетелдік қонақтарды Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысының қазіргі әл-ақуалымен және дамыту аясындағы жоспарлармен таныстырды.

Федерация тарапынан кәсіподақтар қозғалысын дамыту, еңбек саласын жаңғырту аясында әлеуметтік әріптестермен бірге атқарылып жатқан іс-шаралар айтылды.

– Бүгінде Қазақстанда сенімді әлеуметтік әріптестік орнатылған. Бас келісім, 20 салалық, 16 аймақтық келісім және 92 мыңнан аса ұжымдық шарттар бекітілген. Олардың ішінде кәсіподақтары бар кәсіпорындарда 17 мыңнан аса ұжымдық шарт жасалған, қамтылу деңгейі – 98 %. Кәсіподақтардың қатысуымен Халықаралық еңбек ұйымының 24 конвенциясы бекітілді, – деп атап өтті Е.Тоғжанов.

ҚРКФ басшысы шетелдік сарапшыларды әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек саласын жетілдіру, еңбек саласындағы әлеуметтік диалогты нығайту және жастар саясатын жүзеге асыру бойынша кәсіподақтардың бастамалары туралы ақпараттандырды.

Халықаралық әріптестік мәселесіне жіті көңіл бөлінді. Ералы Тоғжанов өз сөзінде Кәсіподақтар федерациясының өкілдері кәсіподақ қызметіне қатысты халықаралық іс-шараларға тұрақты қатысып тұратынын атап өтті. Кәсіподақтар федерациясының алаңында халықаралық кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесулер өткізіледі, 16 ұлттық кәсіподақтар бірлестіктерімен өзара әріптестік туралы келісімге қол қойылған.

Білім кәсіподақтарының Еуропалық комитетінің өкілдері өзара ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін айта отырып, Қазақстанның кәсіподақтар қорзғалысының бастамаларына жоғары баға берді.

Осы орайда әрі қарай әріптестік мәселелері, соның ішінде жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру бойынша ақпарат алмасу, педагогикалық қызметкерлердің құқығын қорғау саласында біріккен ғылыми зерттеулер және тағы басқа да шаралар өткізу талқыланды.

Кездесу соңында ҚРКФ басшысы шетелдік әріптестерге «Профсоюзы: теория и практика» кітабын табыстады.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Халықаралық білім ұйымының Еуропалық комитеті арасында сындарлы  әріптестікке дайын екендіктерін жеткізді.