10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күніне арналған «Кәсіподақтар жаңғыру жолында» Қызылорда облыстық кәсіподақтарының ІІІ Форумы өтті. Сұлу Сырдың сол жағалауына көрік берген Жастар Орталығының заманауи ғимаратында өткен кәсіподақтар Форумының ресми бөліміне Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Байқадамов, «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Қалиев, Денсаулық сақтау саласының ардагері, Қызылорда облысының және Жалағаш ауданының құрметті азаматы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрғанбай Маханов, еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестер, қалалық, аудандық үшжақты комиссия төрағалары, кәсіподақ ардагерлері мен белсенділері, жастар, БАҚ өкілдері, барлығы 300 адам қатысты.
Форумды алғы құттықтау сөзбен форум модераторы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов ашып, Форум қатысушыларына, кәсіподақ ұйымы төрағаларына, кәсіподақ мүшелеріне ізгі тілегін арнады.
Серік Сермағамбетов Кәсіподақтар күнінің кәсіби мерекелер тізіміне енгізіліп, Үкімет қаулысымен бекітілуін мемлекеттің кәсіподақтар қозғалысына зор мән беруі, мәртебесін арттыруы деп атап өтті. Сонымен қатар, өз сөзінде аймақтың бас кәсіподақ көшбасшысы тірліктегі барша игілікті істердің иесі – еңбек адамы екендігін, оның негізгі жанашырлары Кәсіподақтар болып табылатындығын және олардың қызметінің мақсаттары мен міндеттері кәсіпорындағы, қоғамдағы, елдегі тұрақтылық бағытында тоғысатындығын жеткізді.
Форумда облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Қалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрғанбай Маханов аймақтың кәсіподақ жүйесі белсенділерін төл мерекелерімен құттықтады.
Форум барысында «Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі», «Кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы рөлі.Ұжымдық шарт» және «Кәсіподақтардың жаңғыру жолындағы жастар рөлі» тақырыбындағы форумның секциялық жұмыстары қорытындыланып, қамтылған мәселелер аталып өтілді, әлеуметтік әріптестер, бастауыш ұйым төрағалары, жастар өкілі сөз алды. Форум жұмысының қорытындысымен қатысушылардың әлеуметтік әріптестерге, азаматтық қоғамға және кәсіподақтар қозғалысына еңбек саласын жаңғырту жөніндегі жауапкершілікті ортақтаса ала отырып, жұмысшыларға лайықты еңбек пен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету бағытында қызмет жасауға шақырған Үндеуі қабылданды.
Кәсіподақ жүйесі қайраткерлерінің мерейін тасытқан төл мерекелік Форумда бірқатар кәсіподақ ардагерлері мен белсенділеріне Қызылорда облысы әкімі Қ.Ысқақовтың Алғысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ ардагері» , «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері мен грамоталары, Қазақстандық мұнай саласының 120 жылдық мерекелік төсбелгілері мен салалық кәсіподақ ұйымының марапаттары табысталды.